Қостанайдағы жарылыс. Үйінді арасынан екі адам табылды
Қостанайдағы газ жарылысы салдарынан пайда болған үйіндіден екі адам құтқарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Қостанай облысы ТЖД бастығы Қайрат Қасым "Наша газета" басылымына берген сұхбатында айтты.
Қазір апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Екі адам табылды. Оларды жедел жәрдем қызметіне тапсырдық. Үшінші адамның аяғын плита басып қалған. Бір қабырға құлайын деп тұрғаны жұмысты қиындатуда. Ол тек үйдің төбесіне ғана тіреліп тұр. Жұмыс мұқияттылықты талап етеді. Бұл мәселе көп техникамен шешілмейтін болып тұр, - деді ол.
Қайрат Қасымның сөзінше, оқиға куәгерлерлері адамдар құтқарылған жерде тағы үш адамның барын айтқан. Қазір үш жақтан құтқару-іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Іздестіру жұмыстарына құтқарушылар, техникалар атсалысып жатыр. Әкімдік, полиция, медицина қызметкерлері деп бөлінбей, қолмен қазып, барлығы жұмыла кірісіп кетті. Алдын ала мәлімет бойынша оқыс оқиға ауа-газ қоспасының жарылысынан болуы мүмкін, - деді ТЖД басшысы.
Айта кетейік, Қостанай облысында бір қабатты ғимараттағы газ жарылыс салдарынан 7 адам үйінді астында қалды.