Қостанайдағы дәмханада астыртын казино ашқандар сотталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайдағы дәмханада астыртын казино анықталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Абдилов айтты.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті қала дәмханаларының біріндегі астыртын покер клубының қызметін әшкереледі. Заңсыз ойын мекемесін тексеру кезінде затты айғақтар табылды. Атап айтқанда покер ойынына арналған арнайы стол, фишка мен карталар және қолма-қол ақша сот үкімімен жойылды, - деді Абдилов.
Ол атағандай, сот үкімімен автордың покер клубының ұйымдастырушылары мен сыбайластары кінәлі деп танылды.
Олар Қылмыстық кодекстің 307-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзуды жасағаны үшін 2 жыл 3 айға сотталды. Агенттік азаматтардың құмар ойындарға тәуелділігін азайту мақсатында заңсыз ойнау пункттерін бұғаттап, жоюды жалғастырады, - деді ол.
Айта кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасында осы органның құзырына жатқызылған экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.