31 Тамыз 2026, 12:17
Фото: видеодан скриншот
Қостанайда тіркемесінде 400 газ баллоны бар жүк көлігі өртенді
Төтенше жағдай «Текстильщик-1» бақ-бақша өсіру серіктестігі аумағында болды. Жүк көлігі тіркемесіндегі газ баллондар бос болған, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР ТЖМ-ға сілтеме жасап.
Құтқарушылардың айтуынша, жүк көлігінің тіркемесі тура жол үстінде өртенген. Өрттің аумағы жеті шаршы метрді құрады. Бірақ, жүк көлігіне ерекше қауіп төнген. Себебі тіркемеде 400 газ баллоны болған.
«ТЖМ қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, өртті сөндірді. ТЖМ күштерімен өрт болған аумақтан көлемі 27 литр болатын 400 бос газ баллоны қауіпсіз жерге эвакуацияланды», - деп хабарлады ТЖМ.
Жарылыс болмады. Зардап шеккендер жоқ.
Еске салайық, бұған дейін ТЖМ Ақтауда катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапқанын хабарлады.