Қостанайда әйел ерінін бүлдірген косметологты сотқа берді
Сапасыз ерін пластикасы үшін сот 1,3 млн теңге өндіріп берді.
Қостанай қалалық сотында жәбірленуші әйелдің косметологқа ақшалай қаражатты қайтару және моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюы бойынша азаматтық іс қаралды. Сапасыз ерін пластикасы үшін 1,3 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.
Не болды?
Сотта анықталғандай, 2024 жылғы қазанда жауапкер талапкерге хейлопластика (ерін пластикасы) операциясын жасап, ол үшін 120 000 теңге алған.
Кейін алғашқы операцияның нәтижесі талапкерді қанағаттандырмағандықтан, 2025 жылғы сәуірде қайтадан құны 90 000 теңге болатын операция жасалған.
Уәкілетті орган жүргізген тексеру барысында жауапкердің «Пластикалық хирургия» мамандығы бойынша маман сертификатының және медициналық қызметпен айналысуға арналған лицензиясының болмағаны анықталған.
Іс бойынша кешенді сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысына сәйкес, операциялар барысында тіндердің шамадан тыс алынуы салдарынан талапкердің жоғарғы ернінде тыртықты деформация қалыптасқан. Жүргізілген хирургиялық араласулар мен туындаған зардаптардың арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс анықталған. Талапкердің денсаулығына келтірілген зиян орташа ауырлықтағы зиян ретінде бағаланған, - деп хабарлады Қостанай сотының баспасөз қызметі.
Сот жауапкердің тиісті бейіндік білімі мен лицензиясы болмай тұрып медициналық қызмет көрсеткенін, сондай-ақ медициналық құжаттаманы рәсімдемегенін, соның салдарынан талапкердің денсаулығына зиян келтірілгенін анықтады.
Жәбірленуші қанша теңге өндіріп алды?
Сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылды. Жауапкерден талапкердің пайдасына 210 000 теңге – операциялар үшін төленген қаражат, 700 000 теңге – моральдық зиянның өтемақысы және 457 000 теңге – сот сараптамасын жүргізуге жұмсалған шығын өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Ақтауда тұтынушыда пластикалық операциядан кейін асқыну пайда болып, клиникаға тексеріс жүргізілетіні хабарланды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Тегін отаны ақылы қылған: Атырауда хирург пациенттердің де, МӘМС-тің де ақшасын жымқырған
Қазақстандағы пластикалық ота жасайтын клиникалар қатаң тексеруден өтеді
Алматылық әйел көзінің түсін өзгертемін деп жанарынан айырылып қала жаздады