17 Қараша 2026, 18:46 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қостанай облысында 5-сынып оқушысына қатысты зорлық дерегі бойынша іс қозғалды

10 жастағы балаға қатысты оқиға туралы ақпарат тарады. Күдікке ілінгендердің жасы нешеде және полиция не дейді?

Қостанай облысындағы мектептердің бірінде бесінші сынып оқушысына қатысты сексуалдық зорлық жасалды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға алтыншы сыныпта оқитын екі оқушының қатысы болуы мүмкін. Қазіргі уақытта полиция істің барлық мән-жайын анықтап жатыр.

«НеМолчи» қорының мәліметінше, оқиға мектептердің біріндегі дәретханада болған. Қор таратқан ақпаратқа сәйкес, алтыншы сыныптың екі оқушысы бесінші сыныпта оқитын балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық әрекетін жасаған деген күдік бар.

Аталған жағдайды жоғары сынып оқушыларының бірі көріп қалған. Кейін ол бұл туралы жәбірленуші баланың туған ағасына хабарлаған. Осыдан соң оқиға ересектерге белгілі болған.

Қор мәліметінше, күдікке ілінген оқушылардың жасы 11 және 12-де, ал зардап шеккен баланың жасы – 10-да. Мектеп директоры полицияға хабар беріп, баланың анасы құқық қорғау органдарына арыз жазған.

Полиция қылмыстық іс қозғалғанын растады

BAQ.KZ редакциясының сауалына Қостанай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы мұқият тексерілуде. Асығыс қорытынды жасамауды талап етеміз. Жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауаптылыққа дейінгі жауапкершілік көзделгенін еске саламыз. Тергеу жалғасуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, – деп хабарлады ведомство.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайы мен оған қатысы бар адамдардың әрекеттеріне құқықтық баға тергеу нәтижесінде беріледі.

Полиция әзірге істің өзге деректерін жария еткен жоқ.

Тағы оқи отырыңыз: Балабақшалардағы зорлық-зомбылық: Қанша басшы жауапқа тартылғаны анықталды 

Алматыда 15 жастағы жетім қызға 8 жігіт зорлық көрсеткен