Қошке Кемеңгерұлының үш ұрпағы күй шертті
Астанадағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында белгілі Алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист Қошке Кемеңгерұлына арналған кеш өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқушылар сарайындағы шараға Қошке Кемеңгерұлының немере, шөбере, шөпшектері келді. Кездесуде Көшке атамыздың өлеңдері оқылып, жазған әні шырқалды.
Қошке Кемеңгерұлы атамыз 1896 жылы Ақмола облысы Омбы уезінде дүниеге келген. Өте ұлтжанды, жан-жақты дарынды, білімді, шығармашыл кісі болған. Бүгінгі кездесуде балалардың өткен тарихымызға, мәдениетіміз бен тілімізге деген қызығушылығын көріп қуандым. Осы жас ұрпақты көріп, еліміздің болашағы жарқын екеніне сенемін. Біз Омбы қаласында туып-өстік. Өзім 47 жыл білім саласында еңбек еттім. Ресейдің білім–ағарту саласының үздігімін. Өзімнің балаларым да, олардан тараған немерелерім де қазақ тілін сүйіп оқиды, домбыраны жақсы меңгерген. Осы немерелеріміздің келешегі үшін 75 жасымызда Астанаға Омбыдан көшіп келдік. Бәріне де дән ризамын, - дейді Қошке Кемеңгерұлының немересі Ризабек Нарманбет.
Ризабек Нарманбет атасы Көшке Кемеңгерінің 12 әңгімесін қазақ тіліне аударып басып шығарған екен. Осы кітіптың бір данасын Оқушылар сарайының кітапханасына тарту етті. Ол кісі өзі жазған «Алаш толғауы» атты күйдің нотасын да балаларға сыйлады. Ризабек атаның баласы ғалым Кемеңгер Қайырбек Ризабекұлы кездесуге келген оқушыларға Алаш аманаты туралы айтып берді.
31 мамыр - қасіретті күн, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Себебі осы зұлмат жылдары қаншама арыстарымыз жазықсыздан-жазықсыз атылып кете барды. Қасиет пен қасірет күні. Өйткені осы күні біз ата-бабаларымызды еске аламыз. 1937 жылы Әлихан Бөкейхан бастаған қаншама Алаш арыстары дүниеден өтті. Жиырмасыншы ғасырдың басында Алаш қайраткерлері бастарын үлкен қатерге тіккенін біле тұра, Қазақ елінің автономиясы мен тауелсіздігі үшін соңына дейін күресті. Қошке Кемеңгерұлы небәрі 41 жасында атылып кетті. Оның жеті жылы түрме және қуғын-сүргінмен өтті. Оның негізгі еңбектері 34-жасқа дейін жазылған. Ол өзі дәрігер, әрі қоғам қайраткері, жазушы, журналист, газеттерге редактор болды. Ауыл шаруашылығы саласындағы еңбектері де бар. Қошке атамыз «Жас Азамат» деген газетті шығарды. Ол Қызылжар қаласында 1918-1919 жылдары шыққан газет. Онда Мағжан Жұмабайұлының «Мен жастарға сенемін» деген өлеңі басылып шықты. Қошке Кемеңгерұлы екі рет тұтқында отырған. Бірінші рет 1930 жылы, екінші рет 1937 жылы 7 тамызда қайта ұсталып, жалған айыппен 21 қарашада Омбы қаласында атылған, -деді филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Қайырбек Кемеңгер.
Кездесуге келген оқушылар да өз әсерлерімен бөлісті.
Маған бүгінгі кездесу өте ұнады, үлкен әсер алдым. Көшке атамыздың ұрпағымен танысқаныма қуаныштымын. Ол кісінің білімділігі, өнегелігі, ұлттық өнерге деген махаббаты кейінгі ұрпақтарына немере, шөберлеріне берілгенін біз өз көзімізбен көріп, тамсандық, - деді 8 сынып оқушысы Батыр Алманов.
Шараның соңында Қошке Кемеңгерұлының үш ұрпағы «Алаш аманаты», «Балбырауын», «Ерке сылқым» күйлерін құйқылжыта орындап, ыстық ықыласқа бөленді. Кеш қонақтары Оқушылар сарайының «Журналистика» бөлімінің ұстаздары Айнагүл Хайырбайқызы, Камария Ризақызы мен Айнұр Байқожақызына алғыстарын білдіріп, білім жолындағы өскелең ұрпаққа сәт-сапар тіледі.