Қошанов атышулы Бишімбаев ісіне қатысты пікір айтты

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қоғамда резонанс тудырған Бишімбаев ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистер Бишімбаев ісіне қатысты түрлі ақпараттар таратылып жатқанын айтып, қоғам алаңдаулы екенін жеткізіп, спикерге сұрақ қойды.

Бәрімізге белгілі Бишімбаевтар әулеті осал емес. Осы ретте Бишімбаев жауапкершіліктен құтылып кетпей ме? Оған әділ жазасы беріле ме? – деп сұрақ қойып, Қошановтан пікірін сұрады.

Қазір сот процесі жүріп жатыр. Сот процесіне ешбір азаматтың, ол депутат болсын, журналист болсын немесе басқа да лауазымды қызметте жүрген азамат болсын, оған араласуға ешқандай құқығы жоқ екенін білесіздер. Оған араласуға болмайды. Сондай-ақ бүгін бұл іс үлкен резонанс тудырып отыр. Шынында да, жантүршігерлік оқиға. Қоғамның ерекше бақылауында, - деді Ерлан Қошанов.

Ол атап өткендей, Президент осы мәселеге қатысты тергеу жұмыстарын дұрыс жүргізу жөнінде тапсырма беріп, өз бақылауында ұстап отыр.

Сондықтан осындай қоғамдық бақылау бар кезде бұрмалау болады деп ойламаймын. Сот шешімін шығаруда дербес. Сол себепті әділ үкім шығаратынына сенеміз, - деп айтты Мәжіліс төрағасы кулуарда.

Қошанов сот мейлінше ашық жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, журналистер сот залына залдың шағындығына байланысты кіргізілмеуі мүмкін. Бірақ төраға сотты тікелей эфир арқылы бақылауға болатынын қоса кетті.

Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев те сот процесіне қатысты ойын айтқан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы