Қоршаған ортаны барынша сақтап қалуымыз қажет – Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында Экологиялық кодекс жобасында көзделген шаралар экология жағдайын жақсаруға әрі халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталғанын айтты.

Жыл сайын экология, қауіпсіздік мәселелері өзекті бола түсуде. Атмосфераға шығарылатын шығарындылар адамның денсаулығына ғана емес, экономикаға да әсер етеді. Денсаулық сақтауға жұмсалатын шығыстар ұлғайып жатыр. Еңбек өнімділігі төмендеп келеді. Қазақстанда соңғы төрт жылда атмосфераға ластаушы шығарылымдар көлемі 13%-ға өсті. Ірі қалаларда оны ластаудың негізгі факторы – автокөлік. Мысалы, Алматыда атмосфераға шығарылатын барлық шығарылымдардың 65%-ы автокөлікке тиесілі, - деді үкімет басшысы.

Мамин осы бағытта іс-шаралар жоспары қабылданғанымен іс жүзінде жүзеге аспай жатқанын айтты.

Біз қоршаған ортаны барынша сақтап қалуымыз керек. Баламалы энергетиканы дамытып, көгалдандыру және өзендерді, ормандарды сақтау бойына іс шараларды белсенді жүргізіп, қалдықтарды басқару мәселелерін пысықтау қажет. ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін ескере отырып, жаңа Экологиялық кодекс әзірленді. Оның басты қағидаты – "ластаушы төлейді, ластаушы қалпына келтіреді". Кодексте қоршаған ортаны ластағаны үшін айыппұл төлегенше кәсіпорындарға өндірісті жаңғыртуға жаңа технологиялар мен қаражат салу тиімді болу үшін жағдай жасалуда. Кодекс жобасында ластаушы кәсіпорындардың қоршаған ортаға зиянды заттар шығарымдылары көлемін үнемі қадағалауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған платформа құру көзделген. Осы және басқа да шаралар экология жағдайын жақсаруға әрі халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған, - деді премьер-министр.

Үкімет мүшелері Кодекс жобасын қабылдап, құжат Парламентке жолданды.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу деңгейінің төмендігі үлкен мәселе екенін айтты. Сондай-ақ, Үкіметте қарастырылып жатқан Экологиялық кодекс жобасына сәйкес әкімшілік айыппұлдарды 10 есеге ұлғайту арқылы экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейту көзделген. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы