25 Қыркүйек 2026, 12:43 Фото: instagram.com/kudaibergenov.dimash

«Қош болыңдар, бауырларым»: Димаш Құдайберген қаза болған сарбаздардың отбасыларына көңіл айтты

Димаш Құдайберген Ақтауда қаза болған 18-19 жастағы сарбаздарды «інілерім» деп атап, олардың жақындарына көңіл айтты.

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған жас әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында 18-19 жастағы сарбаздардың қазасына байланысты ауыр қайғысын жеткізді. 

Димаш Құдайберген марқұм жастарды «інілерім» деп атап, олардың өмірі енді басталып келе жатқанда үзілгеніне қынжылған.

Біздің Ақтауда көз жұмған 18-19 жасар інілерімді қимай, жүрегім ауырып, айтуға сөз таба алмай отырмын. Балалық кезеңнен енді ғана шығып келе жатқан кезде жап-жас ғұмырлардың осылайша үзіліп кеткені… – деп жазды әнші.

Ол қаза болған әскери қызметшілердің ата-аналарына, туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтып, Алладан сабыр мен күш тіледі.

Әнші марқұмдардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болуын тілеп, жандары жәннатта болсын деп дұға етті.

Димаш сондай-ақ елімізде мұндай қасіретті жағдайдың енді қайталанбауын тілеп, ата-аналардың баласынан айырылу қайғысын көрмеуін сұрады. 

Жазбасының соңында өнер иесі қаза болған жастармен қоштасып:

Қош болыңдар, бауырларым… - деп жазды Димаш Құдайберген.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілер  қаза тапқан болатын. Қорғаныс министрлігі кейін қаза болған 12 әскери қызметшінің аты-жөнін жариялады. Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. 

Қазақстанда 25 қыркүйек Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. 

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанға халықаралық қолдау: Каспийдегі қазаға байланысты Тоқаевқа шетел басшылары көңіл айтты 

Әскери қызметшілердің қазасы: Бірқатар лауазымды тұлға салғырттық танытты деген күдікке ілінді