Қорғаныс министрлігінде кадрлық өзгеріс: Тоқаев жаңа орынбасарды тағайындады
Татьяна Савельева Қорғаныс министрінің орынбасары атанды. Ол жаңа қызметке дейін мемлекеттік басқару мен қаржы саласында еңбек еткен.
Татьяна Михайловна Савельева Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды. Тиісті өкімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының өкімімен Әскер Құрманғалиұлы Бейсенов Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен босатылды.
Оның орнына Татьяна Михайловна Савельева тағайындалды. Бұл туралы Президенттің ресми сайтында жарияланған хабарламада айтылған.
Татьяна Савельева кім?
Татьяна Михайловна Савельева 1976 жылы Целиноград қаласында дүниеге келген.
Ол жоғары білімін экономика және мемлекеттік қаржы саласында алған. 2001 жылы Ақмола аграрлық университетін «экономика және менеджмент» мамандығы бойынша, 2007 жылы Еуразия ұлттық университетін «экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Савельеваның мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы 1999 жылы Астана қаласы Қаржы басқармасында басталған. Ол 1999-2002 жылдары аталған басқармада жетекші маман болып жұмыс істеді.
2002 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бюджет департаментінде республикалық бюджетті әзірлеу бөлімінің бас маманы қызметін атқарды. Кейін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің бюджет саясаты және жоспарлау департаментінде бас маман, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, бас сарапшы және департамент директорының орынбасары лауазымдарында еңбек етті.
2012-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бюджет саясаты мен жоспарлау бағытындағы департаменттерін басқарды.
2016 жылы Татьяна Савельева Қазақстан Республикасының қаржы вице-министрі болып тағайындалды. Бұл қызметті ол 2023 жылға дейін атқарды.
Кейін ол Парламент Мәжілісінің VIII шақырылымының депутаты болып сайланып, Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы қызметін атқарды. Оның депутаттық қызметі барысында бюджет, мемлекеттік қаржы және қаржы жүйесіне қатысты мәселелер бойынша заң шығару жұмысына қатысты.
Татьяна Савельева мемлекеттік қызметтегі еңбегі үшін 2019 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.
Осылайша, жаңа қызметке тағайындалған Татьяна Савельеваның еңбек жолының басым бөлігі мемлекеттік қаржы, бюджет саясаты және мемлекеттік басқару салаларымен байланысты.
Айта кетейік, бұған дейін бүгінгі Құрылтай отырысында депутат Татьяна Савельева Құрылтайдағы қызметін мерзімінен бұрын тоқтатқанын хабарлаған едік.