Бүгiн 2026, 14:16 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Әскерде 1940 жылғы қару қолданыла ма? – Қорғаныс министрлігі жауап берді

Қорғаныс министрлігі армиядағы қару-жарақтың жаңартылып жатқанын мәлімдеді.

Қазақстан Қарулы күштерінде 1940 жылдардағы қару-жарақтар қолданылып жатыр деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабеков мәлімдеді.

Журналистер әскери оқу-жаттығуларда өткен ғасырдың 40-жылдарындағы қару-жарақтар пайдаланылып жатқаны туралы ақпаратқа түсініктеме беруді сұрады.

Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Біздің Қарулы күштерде қазіргі таңда қару-жарақтарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңадан ұшқышсыз ұшу аппараттары, оларға қарсы қолданылатын қару-жарақтар енгізілуде. Сондай-ақ оларды басқаратын операторларды даярлау жұмыстары қолға алынған, – деді Асқар Мұстабеков.

Журналистер Отардағы оқу-жаттығу алаңында ескі қару-жарақтарды өз көздерімен көргендерін айтқан кезде министрдің орынбасары бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді.

Ондай жоқ. Мысалы, ірі мемлекеттерді алатын болсақ, олар 1978-1980 жылдары шығарылған қару-жарақтарды қолданып жатыр. Кейбір елдерде 1940 жылдардағы қарулар да бар. Бірақ олар өзінің тиімділігін көрсетіп жатқандықтан пайдаланылып отыр. Ал бізде ондай қырқыншы жылдардағы қару-жарақтар жоқ, – деді ол.

Бұған дейін әскердегі тәртіпті енді жасанды интеллект бақылайтыны айтылған еді.

Сондай-ақ, әскердегі азық-түлікке киік еті қосыла ма деген сұраққа министрлік жауап берді.