Бүгiн 2026, 13:14 Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Алматылықтар енді ескі дәрілерді қоқысқа тастамай, арнайы орындарға өткізе алады

Қоқысқа тастауға асықпаңыз: Үйіңізде мерзімі өтіп кеткен дәрі болса не істеу керек? 

Үйіңізде мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмекті көрген кезде ең алдымен ойыңызға келетіні – оны қоқысқа тастау екені сөзсіз. Осылайша мерзімі өткен дәрі-дәрмектер қоқыс полигондарына түседі. Бұл – қоршаған ортаға ғана емес, адам денсаулығына да әсер ететін ауқымды әрі кешенді мәселеге айналған. Алайда алматылық мамандар бұл мәселенің шешімін тапқандай. Қазіргі уақытта тұрғындар қаладағы 38 емханада орнатылған арнайы бокстарға мерзімі өткен дәрілерін тастай алады. Артынша ол дәрілер арнайы орында жойылады. Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында. 

Алматыда тұрғындардан жиналған мерзімі өткен дәрі-дәрмектің көлемі бір тоннадан асты. Бұл туралы Eco Network қорының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов арнайы баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде қаладағы 38 емханада арнайы экобокстар орнатылған. Тұрғындар сол жерлерге қолданылмай қалған немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілерін тапсыра алады.

Бір тонна көп емес сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ дәрі-дәрмек қалдықтары табиғатқа түспеуі тиіс қауіпті заттардың қатарына жатады. Олар топырақты және қоршаған ортаны қатты ластайды. Бір дәрінің өзі бірнеше грамм ғана болады. Сондықтан бір тонна өте көп көлемдегі дәрі деуге болады, – деді Мұхамеджанов.

Ол жобаның тек дәрі жинаумен шектелмейтінін атап өтті. Ұйым қызметкерлері мен еріктілер экобокстардың жұмысын тұрақты бақылап, олардың орнында тұрғанын және дұрыс пайдаланылып жатқанын тексеріп отырады.

Біз үшін бақылау мен мониторинг маңызды. Бұрын ел бойынша қоқысты бөлек жинауға арналған түрлі контейнерлер орнатылғанымен, кейін олардың бәрі бір көлікке тиеліп кеткен жағдайлар болды. Сондықтан бұл бастаманың тиімділігін үздіксіз қадағалап отырамыз, – деді ол.

Жоба өкілдерінің мәліметінше, дәрі-дәрмек тапсыру көлемі маусымға байланысты өзгеріп тұрады. Кей кезеңдерде тұрғындар үйдегі дәрі қобдишаларын тексеріп, мерзімі өткен препараттарды көбірек өткізеді. Сондай-ақ экологиялық мәдениет деңгейі жоғары аудандар да байқалып отыр.

Дәрілер қалай жойылады?

Мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді залалсыздандырумен айналысатын компания басшысы Малика Мұқанованың айтуынша, қалдықтар арнайы жоғары температуралы пештерде өртеледі.

Біз термиялық өңдеу әдісін қолданамыз. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – өртеу. Арнайы инсинератор пештерінде температура 1000-1300 градусқа дейін көтеріледі. Соның нәтижесінде дәрі-дәрмек қалдықтары толық жойылып, күлге айналады, – деді Мұқанова.

Оның сөзінше, өртеуден кейін қалған күл қауіптілігі төмен А класына жатқызылып, арнайы полигондарға жіберіледі. Компания бұл бастаманы өткен жылдан бері қолдап келеді. Кеңселерінде де тұрғындар мерзімі өткен дәрілерін өткізе алатын экобокстар орнатылған.

Тұрғындар бізге дәрілерін әкеледі. Біз оларды қабылдап, базаға жеткіземіз және кейін толықтай кәдеге жаратамыз. Бұған дейін пандемия кезінде Астанадағы емханаларда пайдаланылған бір реттік медициналық маскаларға арналған экобокстар орнатылған еді. Біз ол қалдықтарды жинап, қауіпсіз түрде өртеп отырдық, – деді компания басшысы.

Қандай дәрі-дәрмектерді өткізуге болады?

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, экобокстарға жарамдылық мерзімі өтіп кеткен немесе пайдаланылмай қалған дәрі-дәрмектердің басым бөлігін тапсыруға болады.

Атап айтқанда, тұрғындар қабылдау курсы аяқталмай қалып қойған таблеткаларды, ішінде дәрі қалдықтары бар құтыларды, сұйық дәрілердің қалдықтарын, жақпа май салынған түтіктерді, суппозиторийлерді (шамдарды) және ампулаларды өткізе алады.

Мысалы, дәрігер 12 таблетка ішуді тағайындады делік. Сіз 10-ын қабылдап, қалған екеуі үйдегі дәрі қобдишасында қалып қойды. Мұндай дәрілерді қоқысқа тастамай, арнайы жәшіктерге өткізген дұрыс, – дейді бастама авторлары.

Ал шприцтер, инелер және таңу материалдары бұл жоба аясында қабылданбайды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай медициналық қалдықтарды жинау және жоюдың жеке жүйесі бар.

Экобокстардың сыртында қандай заттарды тастауға болатыны және қандай қалдықтарды қабылдауға болмайтыны туралы арнайы нұсқаулық орналастырылған. Жоба дәрі-дәрмек қалдықтарын жинау жүйесін басқа тұрмыстық және медициналық қалдықтарды кәдеге жарату бағыттарынан бөлек жүзеге асырады.

Неліктен дәрі-дәрмектерді өртеу тәсілі қолданылады?

Малика Мұқанованың айтуынша, медициналық қалдықтарды жоюдың ең қауіпсіз тәсілдерінің бірі – жоғары температурада өртеу.

Компания мәліметінше, кей өңірлерде медициналық қалдықтарды автоклав арқылы залалсыздандыру әдісі қолданылады. Бұл кезде қалдықтар арнайы қондырғыларда бірнеше сағат бойы бу арқылы өңделіп, қауіптілігі төмен деңгейге түсіріледі. Алайда мұндай қалдықтарды полигондардың қабылдауы міндетті емес.

Ал Алматыда медициналық қалдықтарды жою үшін инсинерация, яғни өртеу әдісі таңдалған.

Бұл – ең қауіпсіз тәсілдердің бірі. Инсинератор бірнеше камерадан тұрады. Оның ішінде қалдықтарды толықтай жоятын қосымша күйдіру камерасы бар. Сондай-ақ сүзгілеу және желдету жүйелері орнатылған. Олар зиянды заттардың атмосфераға таралуын азайтып, қоршаған ортаға әсерін төмендетуге мүмкіндік береді, – дейді Малика Мұқанова.

Компания өкілдерінің айтуынша, кәсіпорынның экологиялық талаптарды сақтау деңгейі тұрақты бақылауда болады. Әр тоқсан сайын лицензиясы бар тәуелсіз ұйым арнайы өлшеулер жүргізіп, түтін құбырларынан шығатын қалдықтардың белгіленген нормаларға сәйкестігін тексереді.

Сонымен қатар кәсіпорын қоршаған ортаға шығарылатын эмиссиялар үшін заңнамаға сәйкес экологиялық төлемдер төлейді. Мамандардың сөзінше, бұл шаралар медициналық қалдықтарды жою процесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сондықтан үйіңізде мерзімі өткен дәрі-дәрмек болса оны бірден қоқысқа тастамай, жақын маңдағы емханаға тапсырсаңыз болады. 

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда 3 мыңға жуық дәрінің бағасы мемлекет бақылауында болады