“Қоғам алдында жаман көрініп қалдық” – Жәбірленуші тарап күдікті Пакты неге кешіргенін тағы түсіндірді
Жәбірленуші тарап адвокат Мейірман Шекеевтен олардың отбасын әлеуметтік желіге салмауын сұрады.
Алматыда үш адамның өліміне кінәлі деп танылған күдіктіге қатысты сот отырысында жәбірленуші тарап көзіне жас алып, күдіктіні не үшін кешіргенін тағы түсіндірді.
Біз күдіктіге кешірім беріп жатырмыз. Мен кешірім бермесем қызым қайтып келмейді ғой. Соның бәрін БАҚ құралдары жазып, қазіргі уақытта қоғам алдында жаман жағынан көрсетіліп қалдық. Әділетхан Молдахан сотқа тартылғаны үшін де өзімізді кінәлі сезініп жүрміз, - дейді жәбірленуші тарап.
Сонымен қатар, жәбірленуші тарап адвокат Мейірман Шекеевтен олардың отбасын әлеуметтік желіге салмауын сұрады.
Судья бұл оқиғаның іске қатысы жоғын айтып, мәселені өзара шешуді сұрады.
Еске салайық, бұған дейінгі сот отырыстарында жол апатында қаза тапқн үш адамның отбасы күдікті Александр Пакты түгел кешірген болатын.
Алайда бүгінгі сот отырысында марқұм болған қыздың әкесі күтпеген мәлімдеме жасап, Пакты кешірмегенін және кешірім бермейтінін мәлімдеді.
Қайғылы оқиға биыл 21 наурызға қараған түні болды. Тергеу мәліметіне сәйкес, Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Zeekr жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Кейін оның жеңіл дәрежеде мас күйде болғаны анықталып, тергеу изоляторына қамалды.