"ҚазМұнайГаз" West Oil Software қызметкерлерін жұмысқа шығуға шақырады
"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ West Oil Software қызметкерлерін жұмысқа шығуға шақырады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"ҚазМұнайГаз" компанияның кен орындарында қызмет көрсететін мердігер ұйымдарда еңбек ететін жұмысшылардың тұрақтылығы мен еңбек жағдайына ерекше назар аударады.
Біріншіден, бүгінгі таңда ҚМГ-нің еншілес кәсіпорындары тапсырыс беруші ретінде мердігер ұйымдарды ұзақ мерзімді жұмыс көлемімен қамтамасыз етеді.
Екіншіден, ҚМГ жұмысшылардың жалақысы мен әлеуметтік аударымдарының уақтылы және толық көлемде төленуін бақылайды.
Үшіншіден, ҚМГ "West Oil Software" ЖШС техникасын жаңартуға қаражат бөледі. Бүгінгі таңда отандық өндірушімен 69 техникаға келісімшарт жасалды. Барлығы кем дегенде 202 жаңа техника бірлігін сатып алу жоспарда.
Төртіншіден, Жетібай кен орнында жаңа өндірістік база салу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңында басталады.
Ұзаққа созылған ереуіл West Oil Software мекемесіне ғана шығын келтіріп қоймай, сонымен қатар Жетібай кен орнында мұнай өнімін жоғалтуға байланысты "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-ға қомақты көлемде залал келтіруде. Қазіргі уақытта оның сомасы 1 млрд 320 млн теңге. Бұл өндіріске және тапсырыс берушілердің қаржылық жағдайына зиянын тигізіп отыр, — деп атап өтті ҚМГ мұнай сервисі департаментінің директоры Жасұлан Балуанов.
Осыған дейін айтылғандай, ҚМГ West Oil Software жұмысшыларын еншілес кәсіпорындардың штатына жұмысқа орналастырмайды немесе осы мақсатта жаңа еншілес кәсіпорын ашпайды.
West Oil Software жұмысшыларын мәселені диалог арқылы шешуге, заңсыз ереуілді тоқтатып, жұмысқа шығуға шақырамыз, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, West Oil Software басшылығы ереуілге шыққан қызметкерлерге үндеу жолдаған еді. Сондай-ақ Жетібай тұрғындары мұнай компаниясына жұмысқа алуды талап еткен болатын.