9 Қыркүйек 2026, 18:34 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

«Қазір ал да, кейін төле»: Ұлттық банк бөліп төлеудің қаупін ескертті

Қазақстанда бөліп төлеу арқылы көлік пен үйге дейін сатып алатындар көбейді. Ұлттық банк бұл үрдістің халыққа қандай қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты.

Қазақстан Ұлттық банкі бөліп төлеу және BNPL-сервистер нарығының дамуына арналған талқылау құжатын жариялады. Реттеуші нарық қатысушыларын қолданыстағы тәжірибелерді, тәуекелдерді және реттеудің ықтимал шараларын талқылауға шақырды.

Ұлттық банк нені талқылауды ұсынады?

Құжат бөліп төлеу нарығы мен BNPL (Buy Now, Pay Later – «қазір сатып ал, кейін төле») өнімдерін талдауға арналған.

Құжатты жариялаудағы мақсат – бөліп төлеудің қолданыстағы модельдерін қарастыру, нарықтағы негізгі сын-қатерлер мен даму перспективаларын анықтау, сондай-ақ мүдделі тараптардың ұсыныстары мен пікірлерін алу.

Қазақстандықтар қандай тауарларды бөліп төлеп сатып алады?

Қазір Қазақстанда бөліп төлеу қызметі тұтыну тауарларынан бастап қымбат сатып алуларға дейінгі кең ауқымды тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде пайдаланылады. Олардың қатарында автомобиль мен жылжымайтын мүлік те бар.

Ұлттық банктің атап өтуінше, бөліп төлеу формалды түрде төлем жасау тәсілі болғанымен, сатып алушы үшін ол белгілі бір қаржылық міндеттемелерді білдіреді.

Реттеуші қандай тәуекелдерді көріп отыр?

Банктер мен микроқаржы ұйымдары ұсынатын бөліп төлеу қызметтерінің танымалдығы артқан сайын, қаржы саласына жатпайтын компаниялардың ұқсас өнімдері де кең тарала бастаған.

Олардың қатарында BNPL-провайдерлерінің қатысуымен жасалатын мәмілелер, сатушылардың тікелей бөліп төлеу қызметтері, сондай-ақ кейін сатып алу мүмкіндігі қарастырылған жалдау схемалары бар.

Ұлттық банктің мәліметінше, мұндай тетіктер төлемдерді бөліп жүзеге асыру арқылы тауар сатып алуға мүмкіндік береді. Алайда қаржылық емес ұйымдар ұсынатын бөліп төлеу қызметтері қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қойылатын талаптарға жатпайды.

Бұл тұтынушылар үшін қосымша тәуекелдер туғызып, халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне ықпал етуі мүмкін.

Ұлттық банк нені өзгерткісі келеді?

Талқылаудың негізгі мақсаты – бөліп төлеу мен BNPL-сервистерінің қолжетімділігін сақтай отырып, тұтынушылар үшін туындайтын тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік беретін тетіктерді әзірлеу.

Реттеуші мүдделі тараптарды талқылау құжатында көтерілген мәселелер бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын жолдауға шақырды.

Ұсыныстарды қай уақытқа дейін жолдауға болады?

Құжатты талқылау сегіз аптаға созылады.

Пікірлер мен ұсыныстарды 2026 жылғы 3 қарашаға дейін bnpl@nationalbank.kz электрондық поштасына жолдауға болады.

Талқылау құжаты Қазақстан Ұлттық банкінің ресми сайтында жарияланған.

Бұған дейін Ұлттық банк басшысы Ұлттық қордан бөлінетін 5 трлн теңгенің инфляцияға әсерін бағалаған

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қордан бөлінетін 5 трлн теңгенің инфляцияға ықпалын бағалаған болатын.

Оның айтуынша, қаражат бөлу туралы шешім реттеуші жаңартылған болжамдарын әзірлеу кезінде ескерген жаңа факторлардың біріне айналды. Ұлттық банк қосымша шығындардың экономика мен инфляцияға ықтимал әсерін модельдеп қойған.

Сөз үш жыл ішінде бөлінетін 5 трлн теңге туралы болып отыр. Оның 2 трлн теңгесін 2027 жылы, ал 1,5 трлн теңгеден 2028 және 2029 жылдары бағыттау жоспарланған.