«Қазатомөнеркәсіптің» ұсталған топ-менеджері екі айға қамауға алынды
23 қарашада «Самұрық-Қазына» қорындағы жемқорлық ісі бойынша ұсталған «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков екі айға қамауға алынды. Онымен бірге компания департаментінің бас менеджері Е. Байқұлов та қамауға жіберілді. Бұлтартпау шарасын 26 қарашада тергеу соты санкциялады, деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.
Ведомство екеуіне не себепті қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалғанын түсіндірді.
«Шешім тағылып отырған айыптардың сипаты мен ауырлығын ескере отырып, сондай-ақ ықтимал сыбайластар мен куәгерлерге қысым жасаудың, дәлелдемелер мен қылмыстық жолмен табылған мүлікті жасырудың алдын алу мақсатында қабылданды», – делінген ҰҚК хабарламасында.
Қазір процессуалдық әрекеттер жалғасуда, өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Бұған дейін Қуаныш Омарбеков ұсталғаннан кейін ҰҚК оның және өзге де ұсталған тұлғалардың «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінгенін хабарлаған болатын.
«Олар "Самұрық-Қазынаның" бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді. ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», – деп мәлімдеген еді ҰҚК.
Аталған бапта аса ірі мөлшерде пара беру әрекеті үшін жауапкершілік көзделген.
24 қарашада «Қазатомөнеркәсіп» директорлар кеңесі басқарманың екі мүшесі – Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужиннің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Ал 26 қарашада сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директор Дархан Сағындықов өз еркімен қызметінен кетті. Оның жұмыстан кетуінің тергеу ісіне қатысы бар-жоғы туралы ресми түрде хабарланған жоқ.
«Қазатомөнеркәсіп» – әлемдегі ең ірі уран өндіруші компания. 2025 жылы әлемдік бастапқы уран өндірісінің шамамен 20%-ы осы компанияның үлесіне тиді.
Ұстаулар мен кадрлық ауыс-түйістер аясында Лондон қор биржасындағы «Қазатомөнеркәсіптің» депозитарлық қолхаттары құнының шамамен 10%-ын жоғалтқанымен, 26 қарашада қайта қалпына келе бастады. Компания өкілдері 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжамдар өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұл қылмыстық іс қор мен теміржол компаниясы басшыларының ұсталуынан басталған еді. 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевті және өзге де тұлғаларды ұстады. 14 қарашада сот оларды қамауға алуға санкция берді.