Қазақстанның жаңа Конституциясы: Енді әрбір балаға қандай кепілдіктер беріледі?
Әрбір балаға қандай жаңа құқықтық кепілдіктер берілді? Министр жаңа Конституциядағы маңызды өзгерістерді түсіндірді.
Адам капиталын дамыту, білім беру, ғылым және инновация Қазақстанның жаңа Конституциясында мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалды. Бұл туралы Global Businesswomen Council-дың IV пленарлық отырысының кулуарында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі – жынысына және шыққан тегіне қарамастан барлық азаматқа тең мүмкіндік беру.
Ең басты мәселе – біз адамдарды жынысына қарап бөлмейміз. Барлық азаматқа жынысына және шыққан тегіне қарамастан тең мүмкіндік қарастырылған. Жаңа Конституцияда бастауыш білім алғаш рет конституциялық мәртебеге ие болды. Бұған дейін мұндай норма болған жоқ. Бұл бастауыш білімнің сапасына ерекше көңіл бөлуге мүмкіндік береді, өйткені дәл осы кезеңде баланың білімге деген қызығушылығы қалыптасады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оқу-ағарту министрі жаңа Конституциядағы маңызды жаңалықтардың бірі ретінде адам капиталын, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамытудың мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде бекітілгенін атады.
Адам капиталын дамыту, білім беру, ғылым және инновация мемлекеттің негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалды. Конституцияның 33-бабында азаматтардың білім алуға, оның ішінде сапалы білім алуға құқығы бекітілген. Бұл – әрбір азаматтың іргелі құқығы ретінде белгіленді, – деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, Конституцияда білім берудің зайырлы сипаты мен бірыңғай мемлекеттік білім беру стандарттары да бекітілген.
Конституцияда білім берудің зайырлы сипаты мен бірыңғай білім беру стандарттарының бекітілуі маңызды. Оның ішінде халықаралық мектептер де мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес болуы тиіс. Сонымен қатар жасанды интеллект дәуірінде азаматтардың дербес деректерін қорғау нормасының енгізілуі еліміздің дамуындағы заманауи үдерістердің көрінісі болып табылады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр соңғы жылдары Қазақстанда әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылғанын да еске салды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен соңғы төрт жылда әйелдердің құқықтарын қорғау және олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту бағытында ауқымды реформалар жүргізілді. Заңнамада жаңа нормалар пайда болды. Атап айтқанда, сталкинг ұғымы енгізіліп, мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік белгіленді. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұндай құқықтық нормалар мүлде болған жоқ, – деп түйіндеді министр.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жаңа Конституция елдегі қоғамдық-саяси үдерістердің негізгі бағыттарын қамтып, Қазақстанда білім беру, ғылым және адам капиталын одан әрі дамытуға берік негіз қалайды.
Еске салайық, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Осы күннен бастап 1995 жылғы Конституцияның күші жойылды.
Конституциялық сот бұл күнді «мемлекеттің дамуындағы тарихи кезең» деп атап, жаңа Ата Заң Конституцияның үстемдігіне, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуге, мемлекеттік биліктің жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге негізделген жаңартылған конституциялық үлгіні бекітетінін мәлімдеді.