Қазақстанның үш қаласында қоқыстан энергия өндіретін зауыттар салынады
Елімізде тәулігіне 4 мың тоннадан астам қалдық өңдейтін кәсіпорындар салу жоспарланып отыр. Жобаларға 293,3 млрд теңге инвестиция тартылады.
Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру көлемі 385 млрд теңгеге дейін ұлғайтылуы мүмкін. Сонымен қатар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтан электр және жылу энергиясын өндіретін үш зауыт салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, 2024 жылдан бері қалдықтарды басқару саласында жалпы құны 349,8 млрд теңге болатын 67 жоба мақұлданған. Оның 15-і іске асырылып, пайдалануға берілген. Қалған жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Іске қосылған 15 жоба аясында 131 қоқыс таситын көлік сатып алынған. Оның ішінде 9 жоба арнайы техника алуға бағытталған. Бұдан бөлек, жылына 290 мың тонна қалдық сұрыптайтын үш нысан және шиналар мен макулатураны қайта өңдейтін үш кәсіпорын іске қосылды. Соңғыларының жалпы өндірістік қуаты жылына 19,3 мың тоннаны құрайды. Нәтижесінде 500-ден астам жұмыс орны ашылған.
Ал мақұлданған 67 жобаның барлығы жүзеге асса, тағы 178 бірлік арнайы техника сатып алынады. Қалдықтарды сұрыптау қуаты жылына 2,3 млн тоннаға, қайта өңдеу қуаты 1,1 млн тоннаға артады.
Қаржыландыру көлемі 385 млрд теңгеге дейін ұлғаяды
Қазіргі уақытта бағдарлама аясында қарастырылған қаржы көлемі – 185 млрд теңге. Ал мақұлданған жобалардың жалпы құны 349,8 млрд теңгеге жеткен. Осылайша, кәсіпкерлер тарапынан түскен сұраныс қолданыстағы қаржыландыру көлемінен екі есеге жуық асып отыр.
Бағдарлама бизнес субъектілері тарапынан қызығушылық тудырды. Мақұлданған жобалардың құны қазіргі қаржыландыру көлемінен екі есеге жуық артық. Өңірлердің арнайы техника паркін жаңарту, жаңа сұрыптау желілері мен қайта өңдеу қуаттарын іске қосу қажеттілігін ескере отырып, қаржыландыру көлемін 385 млрд теңгеге дейін ұлғайту және бағдарламаны 2030 жылға дейін ұзарту жоспарланып отыр, – деді Жомарт Әлиев.
Сонымен қатар аудандық және ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға бағдарламаға өз қаражатынсыз қатысу мүмкіндігін беру ұсынылған. Ал 2031 жылдан бастап револьверлік қаржыландыру тетігін енгізу көзделіп отыр. Бұл жағдайда бұрын берілген қарыздардан қайтарылған қаражат жаңа жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.
Айта кетейік, бағдарлама аясындағы жеңілдетілген қарыздар Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы беріледі. Қазіргі шарт бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 3 пайыз, қарыз мерзімі – 3 жылдан 15 жылға дейін. Инвестор жобаның 20 пайызын өз қаражаты есебінен қаржыландыруы керек, оның кемінде 10 пайызы ақшалай үлес болуы тиіс.
Мұндай жеңілдетілген қаржыландыру тетігі бизнесті қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласына тарту үшін енгізілді. Негізгі бағыттар – отандық өндірістегі қоқыс таситын көліктерді сатып алу, сұрыптау кешендерін салу және қайта өңдеу қуаттарын құру, – деді вице-министр.
Үш қалада қалдықтан энергия өндіретін зауыт салынады
Қалдықтарды басқару саласындағы тағы бір бағыт – оларды энергетикалық кәдеге жарату. 2025 жылы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында Waste to Energy технологиясы бойынша зауыт салу үшін Қытай компанияларымен үш инвестициялық келісім жасалған.
Жобалардың жалпы құны 293,3 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде Астанадағы зауыт құрылысына 94,4 млрд теңге, Алматыдағы жобаға 145 млрд теңге, ал Шымкенттегі нысанға 53,9 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Жобалық қуатқа сәйкес, Астанада тәулігіне 1 500 тонна, Алматыда 1 600 тонна, Шымкентте 1 000 тонна қатты тұрмыстық қалдық өңделеді. Кәсіпорындардың электр энергиясын өндіру қуаты тиісінше 50, 60 және 24 МВт болады.
Бұл кәсіпорындар полигондарға көмілетін қалдықтардың көлемін азайтып қана қоймай, электр және жылу энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысандарды 2028-2029 жылдары іске қосу жоспарланған, – деді Жомарт Әлиев.
Оның сөзінше, осындай жобаларды еліміздің басқа өңірлерінде де жүзеге асыру мәселесі қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, Қарағанды қаласына қатысты ұсыныстар пысықталуда.
Қалдықтардың қозғалысы цифрлық жүйе арқылы бақыланады
Қазақстанда 2026-2030 жылдарға арналған қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасы да бекітілген. Құжат аясында бірыңғай цифрлық платформа құру жоспарланып отыр. Ол қалдықтардың пайда болған сәтінен бастап тасымалдануы, сұрыпталуы, қайта өңделуі және түпкілікті орналастырылуына дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Бірыңғай цифрлық платформа саланы цифрландыруға, есепке алудың ортақ жүйесін қалыптастыруға және қалдықтар ағынын бақылауға мүмкіндік береді. Яғни қалдықтың пайда болған кезінен бастап түпкілікті кәдеге жаратылуына немесе орналастырылуына дейінгі барлық кезеңі қадағаланады, – деді спикер.
Сонымен қатар бұрын есепке алынбаған өнеркәсіптік, иесіз және тарихи қалдықтарды түгендеу көзделген. Бұл жұмыс радиоактивті қалдықтарды қамтымайды. Түгендеу барысында қалдықтардың көлемі, құрамы және орналасқан жері анықталмақ.
Вице-министрдің айтуынша, қайта өңдеу технологияларының дамуына байланысты бұрын пайдаға жарамсыз деп саналған қалдықтар да өндіріс үшін құнды шикізатқа айналып келеді.
Бүгінде қалдықтарды қайта өңдеу технологиялары бір орында тұрған жоқ. Бұрын қалдық саналып, қайта пайдалануға экономикалық тұрғыдан тиімсіз болған материалдар қазір өндірістік процестерге қажетті шикізатқа айналуда. Сондықтан қайта өңделген шикізатты пайдалануды ынталандырып, бизнес үшін экономикалық тиімділікті арттыру маңызды, – деді ол.
Тұжырымдаманы іске асыруды үйлестіру үшін министрлік жанынан Ұлттық қалдықтарды басқару орталығы құрылған. Орталық салаға әдістемелік қолдау көрсетіп, мемлекеттік органдар арасындағы байланысты үйлестіреді, сондай-ақ жоспарланған шаралардың орындалуына мониторинг жүргізеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның энергетикалық әлеуеті артып, жаңа электр желілері салынатыны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз:
Құрылыс қарқыны артқан сайын қалдық та көбейеді: Қазақстан оларды қайта өңдеуге дайын ба?