17 Қыркүйек 2026, 11:10 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанның Ұлттық қорындағы ақша 2029 жылы қанша миллиард долларға жетеді?

Қазақстанда аса маңызды нысандар мен ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыруға Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге бағыттау көзделіп отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вице-министр Мемлекет басшысы «үлкен құрылыс» бағытын айқындап, Ұлттық қор қаражатын пайдалануға жол берілетінін атап өткенін айтты.

Мемлекет басшысы «үлкен құрылыс» бағытын айқындап, сондай-ақ Ұлттық қор қаражатын пайдалануға жол берілетінін атап өтті. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілерді салу жөніндегі ауқымды бағдарламаны іске асыру міндеті қойылды. Осыған байланысты аса маңызды объектілер мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге және 2028-2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт көзделді, – деді Әмрин.

Ұлттық қор активтері 70,6 млрд долларға жетуі мүмкін

Болжам бойынша Ұлттық қордың таза валюталық активтері алдағы үш жылда өседі.

Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2027 жылы 65,2 млрд АҚШ доллары деңгейінде болжанып, 2029 жылы 70,6 млрд долларға дейін ұлғаяды деп күтілуде, – деді вице-министр.

Бюджет тапшылығы біртіндеп төмендейді

Сонымен қатар республикалық бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен азайту жоспарланып отыр.

Республикалық бюджет тапшылығы 2027 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,3 пайыз деңгейінде айқындалып, 2028 жылы 1,0 пайызға және 2029 жылы 0,4 пайызға дейін кезең-кезеңімен төмендейді. Мұнайға қатысты емес тапшылық 2027 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 5,3 пайыздан 2028 жылы 3,5 пайызға және 2029 жылы 2,5 пайызға дейін қысқарады, – деді ол.

2027 жылы бюджет шығыстары 30,2 трлн теңге болады

Республикалық бюджеттің шығыс бөлігі параметрлері де бюджет қағидаларын қолдануды ескере отырып айқындалды.

2027-2029 жылдары шығыстардың өсу қарқыны 109,2-109,4 пайыз деңгейінде тұрақтандырылды.

Атап айтқанда, республикалық бюджет шығыстары 2027 жылы 30,2 трлн теңге, 2028 жылы – 29,4 трлн теңге, 2029 жылы – 29,6 трлн теңге көлемінде жоспарлануда.

Сіздердің қарауларыңызға ұсынылып отырған еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен бюджет және Ұлттық қордың болжамды параметрлерінің негізгі ережелері осындай, – деп түйіндеді Азамат Әмрин.

Айта кетейік, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин еліміздің 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды.

Ал 2027 жылы инфляция 7,5-9,5 пайыз деңгейінде  болжанып отыр.

Тағы оқи отырыңыз: Келесі жылы республикалық бюджет кірісі 19,9 трлн теңгеге жетпек