Қазақстанның тарихында еуразиялық масштабтағы алғашқы археологиялық форум Түркістанда өтті
Бүгін Түркістан қаласында «Еуразиялық далалық өркениет: адам және тарихи-мәдени орта» атты Еуразия даласы археологиясының V халықаралық конгресі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еуразиялық масштабтағы археологиялық форум алғаш рет өткізіліп тұр.
Іс-шараның басты мақсаты – аталған саладағы ғылыми қауымдастық өкілдерін бір арнаға тоғыстыра отырып, Еуразияның ежелгі және ортағасырлық тарихының өзекті мәселелерін шешу үшін ой мен күшті біріктіру.
Үш күнге созылатын Конгресте Еуразия археологиясының бүгінгі өзекті іргелі мәселелері талқыланып, шешілу жолдары ұсынылады. Заманауи мультипәнаралық әдістерге негізделген әлемдік ғылыми қауымдастықтың бірлесе қимыл жасауы арқылы археологияның, сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны сақтау мен пайдаланудың өзекті мәселелерін шешуге бағытталады.
Конгрес жұмысында келесі бағыттағы секциялар бойынша тақырыптар талқыланады. Атап айтқанда, Еуразия даласындағы ерте металл дәуірінде жүргізілген тарихи-мәдени үрдістер: дәстүрлер мен инновациялар, Еуразия ерте көшпелілерінің феномені, орта ғасырдағы Еуразия даласының көшпелілері, орта ғасырдағы Еуразия даласының урбанизмі, Еуразия дала мәдениет археологиясының зерттелу тарихы, Еуразия көшпенділерінің археологиялық мұрасын сақтау және музейлендіру.
Конгреске отандық және шет елден яғни Әзірбайжан, Армения, Австралия, Болгария, Венгрия, Ұлыбритания, Германия, Израиль, Иран, Канада, Қытай, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Польша, Пәкістан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Оңтүстік Корея, Жапониядан келген жетекші ғалымдар қатысып жатыр.
Екі жүзден астам маман үш күн бойы ерте металл археологиясы, ерте көшпелілер дәуірі, орта ғасырлық қалалар мен көшпелі мәдениет, Еуразия даласындағы көшпелі империялардың тарихы, өнердің дамуы, дүниетаным, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау, қорғау және археологиялық ашылулар тарихы сынды мәселелерді талқылайды.
Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының жетекші қызметкері, phd докторы, орта ғасыр археологиясы бөлімінің меңгерушісі Ералы Шардарбекұлының айтуынша, археологиялық конгрес Қазақстан аумағында бірінші рет өткізіліп отыр. Сондай-ақ бұған дейін өткізілген бірінші және төртінші конгрестер Ресей федерациясында және әртүрлі республикаларда өткен.
Өздеріңіз білесіздер, соңғы конгрес Улан-Удэ қаласында өткізілді. Сол кезде біздің елімізден барған өкілдер 5-ші конгресті Қазақстанда өткізу туралы ұсыныс тастаған болатын. Олар оны қабылдап, негізгі мүшелері нәтижесінде міне Қазақстанда өтіп жатыр. Негізі бұдан кішкене ертерек өту керек болатын. Бірақ әлемдік пандемияның әсерінен шегеріліп биыл өткізіліп отыр. Онда да Түркістан қаласының таңдалуы жайдан жай емес. Өйткені 2021 жылы 31 наурызда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев түркітілдес елдердің арасында ынтымақтастық бойынша өткен бейресми саммитінде «Түркістан түркі халықтарының рухани астанасы» деген тақырып аясында мәселе көтерген еді. Артынша 12 қарашада Түркістан рухани астана ретінде 8 саммитте айтылды. Соның нәтижесінде және облыстың жаңадан құрылған орталығы ретінде, тарихи-мәдени орта, ежелгі көне қаланың бірі болғандықтан да таңдалды. 28 мемлекеттен қатысатын ғалымдар осы Түркістан қаласына шақырылды. Бұл бүгін, кеше ғана ұйымдастырылған дүние емес, бұл бірнеше жылдың қорытындысында түрлі елдермен ақылдасып, мүшелерінің арқасында Түркістанда өткізіліп жатыр. Бүгін бірінші пленарлық ашылуының отырысына қатыстық. Алып Еуразия даласының өркениеті, ата-бабаларымыз, түркі қағанаттары мен халықтары ары-бері қоныс аударып, көші-қон нәтижесінде Еуразия аумағында тарихи-мәдени ескерткіштеріміз қалған. Бүгінде археологтар соларды зерделеп, зерттеп оны жарыққа шығару мәселесі бойынша осы жиында паш етіп жатқан жайымыз бар, - деді Ералы Шардарбекұлы.
Археологиялық форумды ұйымдастыруға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты, Татарстан Республикасының Ғылым Академиясы А.Х.Халиков атындағы Археология институты, Орталық Азиялық зерттеулер халықаралық институты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті атсалысты.
Конгресті өткізуге РҒА Археология институты, РҒА Сібір бөлімінің Археология және этнография институты, Қазан федералдық университеті, РҒА Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейі (Кунсткамера), РҒА Материалдық мәдениет тарихы институты, РҒА Сібір бөлімінің Моңғолтану, буддология және тибетология институты, РҒА Қиыр шығыс бөлімінің Қиыр шығыс халықтарының тарихы, археологиясы және этнографиясы институты, Алтай мемлекеттік университетінің «Үлкен Алтай» алтаистика және түркітану ғылыми-зерттеу орталығы қолдау білдірді.
«Бұл біздің тарихымызға, оның ішінде Түркістан қаласының беделін арттыруға, одан қалды өткен ата-бабаларымыздың тарихын жаңғыртуға, бай тарихымызды басқа елдерге таныту мақсатында осындай үлкен іс-шара қолға алынып отыр. Қола дәуірінен бастап біздің заманымыздың 2000-шы жылынан бастап, осы күнге дейінгі мәселелер мен тақырыптар көтеріледі», - дейді Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының жетекші қызметкері, phd докторы, орта ғасыр археологиясы бөлімінің меңгерушісі Ералы Шардарбекұлы.