Қазақстанның суперинтеллект бастамасын қолдауы сыртқы әлем ғана емес, қоғамға берілген сигнал – сарапшы
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ саяси зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Нұрдәулет Затилла Мемлекет басшысының Трамптың суперинтеллект жөніндегі бастамасын қолдауы – бұл тек сыртқы әлемге ғана емес, Қазақстан қоғамына да берілген сигнал екенін айтты.
Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысында Президент сарапшылар пысықтағаннан кейін «Вашингтон моделін» БҰҰ қамқорлығымен жасалатын халықаралық шарттың негізіне айналдыруды, ал Қазақстанды осы мәселелер бойынша диалог алаңы ретінде ұсынды.
Сарапшының айтуынша, сараптамалық тұрғыдан алғанда, мұндай ұстанымның бірнеше алғышарты бар.
Біріншіден. Қазақстан үшін ЖИ әлдеқашан абстрактілі технология болудан қалды. Ол мемлекеттік қызметтерде, банк секторында және денсаулық сақтау саласында қолданыла бастады. Ұлттық Alem.Cloud суперкомпьютерлік кластері іске қосылды, Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құру жұмыстары жүргізілуде, ал өткен жылы қазақстандық IT-қызметтердің экспорты 1 млрд доллардан асты. Алайда ЖИ күнделікті өмірге неғұрлым терең енген сайын, оның қателігінің құны да соғұрлым жоғары болады. Сондықтан ЖИ қауіпсіздігі – азаматтардың мемлекетке деген сенімі мәселесі. Егер алгоритм адамға қатысты шешім қабылдауда қателессе, оның алдында американдық компания емес, жергілікті басқару жүйесі жауап береді.
Екіншіден. Мемлекет басшысының ұстанымы соңғы жылдардағы ішкі күн тәртібімен үндеседі. Цифрлық технологияларды пайдалану кезінде жеке деректерді қорғау жаңа Конституцияда бекітілген. Цифрлық кодекс және ЖИ туралы бөлек заң қабылданды. Қазақстан өңірде осы саланы өз ішінде реттеуді алғашқылардың бірі болып бастады, енді жаһандық ережелерді қалыптастыруға бақылаушы ретінде емес, белсенді қатысушы ретінде атсалысуға дайын. Енді Президент ЖИ-ді дамыту жөніндегі кеңес мүшелеріне Қазақстанның халықаралық бастамасы бойынша нақты ұсыныстарды қысқа мерзімде енгізуді тапсырды, ал ортақ пайым желтоқсан айында АҚШ-тың Майами қаласында өтетін G20 саммитінде таныстырылады.
Үшіншіден. Президенттің негізгі ескертпесі – «сарапшылар мұқият зерделегеннен кейін». Вашингтон келісімі ерікті сипатқа ие, яғни онда мәжбүрлеу тетігі жоқ және оған тек америкалық компаниялар қол қойған. Жаһандық модельге айналу үшін құжатты жетілдіру қажет. Сондықтан Мемлекет басшысы БҰҰ қамқорлығымен жасалатын шарт туралы айтып отыр – бұл әрбір елдің өз дауысы болатын формат. Президент атап өткендей, ЖИ тәуекелдері ұлттық шекаралардан асып түседі және мемлекеттер мен бизнестің үйлестірілген іс-қимылын талап етеді. Демек, бұл талқылауда технологияларды тек жасайтын елдердің ғана емес, оларды пайдаланатын мемлекеттердің де мүдделері ескерілуі маңызды.
Жалпы алғанда, ЖИ жарысындағы басты мәселе қай модельдің өзгелерден озып кеткенінде емес, олардың салдары үшін кім және қалай жауап беретінде. Қазақстанның ұсынысы дәл осы мәселеге қатысты – компаниялардың ерікті міндеттемелерін барлығына ортақ ережелерге айналдыру. Ел оларды әзірлеу процесіне неғұрлым ертерек қосылса, әлемдік технологиялық алпауыттардың біздің азаматтарымыз бен отандық компанияларымыздың мүдделерін ескеру мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады.