6 Қазан 2026, 12:16 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанның ірі қалаларында кептеліс алдын ала болжанады

Ірі қалаларда көлік ағынын интеллектуалды басқару жүйесі пилоттық режимде іске қосылады.

Қазақстанның ірі қалаларындағы көлік ең көп жүктелетін учаскелерде көлік ағындарын интеллектуалды басқару жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов мәселе көтеріп, тиісті тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, урбанизацияның жеделдеуі аясында көлік инфрақұрылымына түсетін жүктеме артып келеді. Сондықтан қалалар жекелеген жол кептелістеріне әрекет етуден көлікті жүйелі басқаруға көшуі қажет.

Ірі қалаларда жергілікті жол кептелістеріне әрекет етуден көлікті жүйелі басқаруға көшу керек. Бұл азаматтардың жүріп-тұруына, қауіпсіздікке және қалалық ортаның сапасына тікелей әсер етеді, – деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр Көлік министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, екі ай ішінде ірі қалалардағы көлік ең көп жүктелетін учаскелерді анықтап, сол жерлерде көлік ағындарын интеллектуалды басқару бойынша пилоттық жобаларды іске қосуды тапсырды.

Жоба нәтижесінде ең тиімді шешімдерді кең көлемде енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Көлік министрлігіне ұлттық деңгейдегі бірыңғай цифрлық көлік жүйесін қалыптастыру тапсырылды. Ол қозғалысты нақты уақыт режимінде басқаруға, жолдарға түсетін жүктемені болжауға және ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.