Қазақстанның 14 ұлттық табиғи паркіне бір жылда 3,5 миллионға жуық турист барды
Елімізде туризм саласы бойынша құны 1,3 триллион теңгені құрайтын 328 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Өткен жылы Қазақстанның 14 мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 3,5 миллионға жуық ішкі және шетелдік турист келді. Бұл туралы Астанада өткен «САЯХАТ 2026» Kazakhstan Travel Forum барысында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Егер өткен жылды айтатын болсақ, біздің 14 мемлекеттік ұлттық табиғи паркімізге ішкі және сыртқы туристерді қосқанда 3,5 миллионға жуық адам келді, – деді ол.
Төлебаевтың айтуынша, туристік инфрақұрылымды дамыту саланың басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Вице-министр заңнамалық өзгерістер жергілікті атқарушы органдарға туристік нысандарға, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен елді мекендерден тыс жерлерге инженерлік инфрақұрылымды жобалауға, салуға және қызмет көрсетуге мүмкіндік беретінін хабарлады.
Бұл ұлттық парктер мен туристік әлеуеті өте зор басқа да табиғи аумақтар үшін ерекше маңызды, – деп атап өтті Төлебаев.
Сонымен қатар ол Қазақстанда құқықтық мәртебесі бекітіліп, міндеттері анықталған 23 визит-орталық құрылғанын айтты. Бұдан бөлек, соңғы бір жыл ішінде әртүрлі туристік дестинациялар мен су қоймаларының жағалауында 10-ға жуық жағажай аймағы абаттандырылды.
Туризм және спорт министрлігінің деректері бойынша, елімізде жалпы құны шамамен 1,3 триллион теңгені құрайтын 328 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оларды іске асыру шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын ашып, халықаралық деңгейдегі 25 қонақүйді пайдалануға беруді көздейді.
Айта кетейік, ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев атап өткендей, Қазақстанда ішкі туризм жеті жылда екі есе өсті. Аталған уақыт аралығында ішкі туристер саны 8,5 миллионға жетіп, мемлекеттік бюджетке 630 миллиард теңге табыс әкелді.