Қазақстаннан да қымбат: Өзбекстанда әрбір жетінші адамның дұрыс тамақтануға мүмкіндігі жоқ
Қымбат рацион және семіздік: Өзбекстан азық-түлік дағдарысына қалай тап болды?
Өзбекстанда әрбір жетінші адамның дұрыс тамақтануға мүмкіндігі жоқ. Бағаның қымбаттығынан ел халқының 13,2%-ы пайдалы рационнан қағылып отыр. Бұл елде аймақ бойынша семіздіктің ең жоғары көрсеткіші тіркелген.
Pressa.uz дерегінше, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, ДДҰ және ЮНИСЕФ-ті қоса алғанда, халықаралық институттар әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі туралы кезекті бірлескен баяндамасын ұсынды.
Сарапшылардың мәліметінше, 2024 жылы планетада 720 миллионға жуық адам (Жер халқының 8,2%-ы) ашаршылық мәселесіне тап болған.
Бағаның қымбаттауы тұрақсыздыққа түрткі болған негізгі факторға айналды. Жер шарында адам басына шаққандағы бір күндік толыққанды рационның орташа құны 4,46 долларға жеткен. Соның салдарынан әлемде 2,6 миллиардтан астам адам сапалы ас-судан қағылып отыр.
Өзбекстанда пайдалы тамақтану құны күніне 4,67 долларды құраған. Бұл Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда жоғары және жергілікті отбасылардың дұрыс тамақтану мүмкіндігін айтарлықтай шектейді.
Сарапшылардың бағалауынша, 2024 жылы республика халқының 13,2%-ы, яғни шамамен 4,8 миллион азамат толыққанды тамақтана алмаған. Ал 8,7 миллионға жуық адам үнемі орташа немесе өткір азық-түлік тапшылығын сезінген. Соған байланысты елде тамақты тұтыну мәдениетінің төмендеуі мен енжар өмір салты белең алған. Тұрғындардың 44%-ы өте аз қозғалса, 36%-ы дұрыс тамақтану қағидаларын ескермейді.
Нәтижесінде Өзбекстанның ересек халқы арасында семіздік деңгейі 30%-ға дейін өсті. Бұл Орталық Азияның барлық басқа елдерінің көрсеткіштерін бірге алғандағыдан да жоғары.
Бұған қоса, өнім сапасы да үлкен қауіп тудырып отыр: тек 2025 жылдың өзінде 33 мың тоннадан астам мерзімі өткен немесе қауіпті тауар анықталған.
Халықаралық ұйымдар бұл дағдарыстан шығу үшін Ташкентке мынадай шараларды ұсынды:
-
Атаулы әлеуметтік көмекті кеңейту;
-
Әлеуметтік маңызы бар тауарларға салықты азайту;
-
Франция үлгісімен баға үстемесін мемлекеттік реттеуді енгізу.
Ал ұзақ мерзімді жоспарда агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру көзделген. Оның ішінде:
-
Жапония тәжірибесі: Сұранысты болжау үшін жасанды интеллектіні қолдану;
-
Вьетнам үлгісі: Өнімдерге QR-маркировка енгізу;
-
Оңтүстік Корея моделі: Шаруаларға арналған технологиялық кластерлер құру;
-
Фермерлерді қолдау: Энергия үнемдегіш заманауи тоңазытқыш кешендерінің құрылысын субсидиялау.
Еске салайық, бұған дейін мамандар қабынуды күшейтетін тағамдарды атады.
Тағы оқи отырыңыздар:
Балалар тағамындағы «у»: Комитет Қазақстан дүкендерінде тексеру жүргізді
Қазақстан мектептерінде тамақтану қаншалықты қымбаттады
Швед үстелі: Әскердегі сарбаздар енді бауырсақ пен палаумен тамақтанады