27 Тамыз 2026, 14:39 Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Қазақстанға Сингапур тәжірибесі не бере алады? Ли Сянь Лун Астанада дәріс оқыды 

Сингапур Республикасының аға министрі, елдің үшінші премьер-министрі Ли Сянь Лун Nazarbayev University-де «Сингапур экономикасын қалай дамытып, бәсекеге қабілеттілігін қалай сақтап қалды?» тақырыбында дәріс оқыды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ли Сянь Лун 2004–2024 жылдары, яғни 20 жыл елдің премьер-министрі болды. Ол – Сингапурдың негізін қалаушы әрі тұңғыш премьер-министрі Ли Куан Юдің үлкен ұлы.

Дәріс барысында аға министр Қазақстан мен Сингапур арасындағы қарым-қатынастың тарихына тоқталды.

«Екі ел арасындағы байланыстардың тарихы отыз жылдан асады. 1991 жылғы қыркүйекте Сингапурдың аға министрі Ли Куан Ю сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Қазақстанға келді. Кеңес Одағының ыдырауы қарсаңында ол Жоғарғы Кеңесте сөз сөйлеп, экономикалық саясат пен Қазақстанның нарықтық экономикаға көшуі туралы ой-пікірін ортаға салды. Осы сапардан кейін байланыстар дами түсіп, 1993 жылы ресми дипломатиялық қатынастар орнатылды. 2023 және 2024 жылдары өзара мемлекеттік сапарлар өтіп, екі ел парламенттерінің басшылары да бір-біріне сапармен барды», – деді Ли Сянь Лун.

Оның айтуынша, сингапурлық ғалымдар Назарбаев Университетінің дамуына да үлес қосты. Университеттің Жоғары мемлекеттік саясат мектебін Ли Куан Ю мектебінің профессоры, сингапурлық ғалым Хуэй Вэн Тат он жыл басқарған.

Аға министр географиялық жағдайы мен табиғи мүмкіндігі әртүрлі Қазақстан мен Сингапурдың ортақ тұстары бар екенін айтты.

«Сингапур – жан-жағын су қоршаған, табиғи ресурстары жоқ шағын аралдық әрі теңіз мемлекеті. Қазақстан – жер қойнауы энергетикалық және минералдық ресурстарға бай, аумағы ұлан-ғайыр, теңізге тікелей шығатын жолы жоқ ел. Екі мемлекеттің арасы 6 мың шақырым. Соған қарамастан, ұқсастықтарымыз бар. Екі елдің де өзінен әлдеқайда ірі көршілері бар. Екеуі де үлкен бірлестіктерден бөлініп шығып, тәуелсіздік алды, бірақ олармен тығыз байланысын сақтап қалды: Қазақстан – бұрынғы Кеңес Одағы елдерімен, ал Сингапур – Малайзиямен. Біз көршілерімізбен тату қарым-қатынас орнатуға ұмтыламыз әрі әлемнің түкпір-түкпіріндегі мемлекеттермен байланысымызды дамытып келеміз», – деді ол.

Ли Сянь Лунның сөзінше, Қазақстан мен Сингапур арасындағы сауда мен инвестиция көлемі әзірге жоғары емес. Алайда жаһандық үдерістер мен мәселелер екі елге де әсер етеді.

«Көпжақты ынтымақтастық тетіктері қысымға ұшырап отырған кезеңде мемлекеттер мүдделері үндес елдермен жаңа серіктестік орнатуы қажет. Дәстүрлі сауда және инвестициялық серіктестермен шектелмей, экономикалық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін іздеген жөн. Қазақстан мен Сингапур арасындағы байланысты нығайту екі елге де мол мүмкіндік береді. Біз бір-біріміздің тәжірибемізден көп нәрсе үйрене аламыз», – деді аға министр.

Ол Сингапурдың экономикалық даму жолына да тоқталды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елдегі транзиттік сауда тоқырап, бала туу көрсеткіші күрт өскен. Жас әрі саны артып келе жатқан халықты жұмыспен қамту негізгі міндетке айналған.

«1960 жылдардың басында Канданг-Кербау ауруханасының перзентханасы әлемдегі ең көп босану тіркелген мекеме болды. Көптеген сингапурлық сияқты мен де сонда дүниеге келдім. Бізге жас әрі өсіп келе жатқан халық үшін жұмыс орындарын ашу қажет болды. Сингапур басшылығы мәселені шешудің жолы экономиканы индустрияландыру, көп жұмыс күшін қажет ететін өндірістерді дамыту деп білді», – деді Ли Сянь Лун.

Өнеркәсіпке ауқымды ішкі нарық қалыптастыру үшін Сингапур 1963 жылы Малайзия Федерациясының құрамына енді. Алайда күткен нарық қалыптаспай, саяси мәселелер мен этносаралық шиеленістер туындады. Екі жылдан кейін Сингапур Малайзиядан бөлініп, тәуелсіз мемлекетке айналды.

1970 жылдардың соңына қарай ел экономикасы жаңа кезеңге аяқ басты. Жұмыссыздық дерлік жойылып, жұмыс күші тапшы бола бастады. Бұған дейін Жалақы жөніндегі ұлттық кеңес еңбекақы өсімін тежеп келгендіктен, компаниялардың еңбек өнімділігін арттыруға және қызметкерлердің біліктілігіне инвестиция салуға ынтасы аз болды.

«Экономиканы одан әрі дамытып, жаңа деңгейге көтеру үшін бағытты өзгерту қажет еді. Сондықтан Үкімет жалақыны едәуір арттыруға бағытталған саясат жүргізе бастады. Мақсат – компанияларды жоғары технологиялы әрі қосылған құны жоғары өндірістерге көшуге ынталандыру. Бұл саясат бірнеше жыл нәтиже беріп, экономика қарқынды өсуін жалғастырды. Алайда кейін жалақыны көтеру межеден асып кетті», – деді ол.

Ли Сянь Лун шетелдік мамандардың жергілікті жұмыс күшін толықтырып, компанияларға сингапурлықтар үшін сапалы жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Біз экономиканың дамуына қажетті инфрақұрылымға инвестиция салдық. Жаңа әуежай терминалдарын, интеграцияланған әрі автоматтандырылған контейнер портын, сапалы қоғамдық көлік жүйесі мен мемлекеттік тұрғын үйлер салдық. Кеңжолақты интернетке арналған жалпыұлттық талшықты-оптикалық және мобильді байланыс желілерін дамытып, мемлекеттік қызметтерді цифрландырдық. Осы шаралардың арқасында экономикамыз 2000 жылдардың басынан бүгінге дейін тұрақты дамып келді», – деді аға министр.

Ол Сингапурдың өркендеуіне ішкі саясат пен стратегиядан бөлек, тәуелсіздіктен кейінгі алпыс жылдың басым бөлігінде қалыптасқан қолайлы сыртқы жағдайлар да әсер еткенін айтты.

«Ережелерге негізделген көпжақты сауда жүйесі тұрақты жұмыс істеді. Елдердің көпшілігі экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге, екі тарапқа да тиімді әріптестік орнатуға және ортақ өркендеуге ұмтылды. Қазір біз тағы бір бетбұрысты кезеңге келіп жеттік», – деді Ли Сянь Лун.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лунды Ақордада қабылдаған еді. Президент оның Қазақстанға алғашқы сапарының тарихи мәнге ие екенін атап өтіп, осыдан 35 жыл бұрын Ли Куан Юдың елімізге жасаған сапары екіжақты қарым-қатынастың берік негізін қалағанын айтты.

Кездесу барысында сауда-инвестициялық байланыстарды нығайту, көлік-логистика, жасанды интеллект және цифрландыру, «ақылды» қалалар, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар мен туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Қазір Қазақстанда Сингапур капиталының қатысуымен 500-ге жуық компания жұмыс істейді. Олардың қатарында PSA International және Temasek Holdings секілді ірі кәсіпорындар бар.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада жаңа заманауи әуежай салу кезінде әлемдік авиацияның «алтын стандарты» саналатын Чанги әуежайының тәжірибесі ескерілетінін жеткізді. Кездесу соңында Президент екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Ли Сянь Лунды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.