Бүгiн 2026, 13:29 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанға келетін шетелдіктер енді визаны бірнеше минутта ала алады

Енді 100-ден астам елдің азаматтары Қазақстан визасын онлайн рәсімдей алады.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Саид Латипов Қазақстан шетелдік мамандар мен инвесторларды тарту үшін көші-қон саясатын ырықтандырып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, қазіргі таңда Қазақстан шамамен 80 елмен визасыз режим енгізген.

100-ден астам елдің азаматтары Қазақстанға электронды және кіру визаларын онлайн рәсімдей алады. Ол үшін дипломатиялық өкілдіктерге барудың қажеті жоқ. Арнайы сайтқа кіріп, бірнеше минут ішінде визалық қолдау алып, Қазақстан аумағына кіруге болады, - деді Саид Латипов.

Сонымен қатар шетел азаматтарының кейбір санаттарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз және тіркеусіз болуға мүмкіндік берілген.

Бұл шаралар өзара негізде іске асырылып жатыр. Сонымен бірге Қазақстанды экономика, еңбек және туризм бағыты ретінде тартымды етуге бағытталған, - деді комитет өкілі.

Оның айтуынша, елге жұмыс істеу, бизнес ашу және іскерлік мақсатпен келетін шетел азаматтарының саны өсіп келеді.

Визасыз режим шетел азаматтарына Қазақстанға кедергісіз келіп, 30 күнге дейін іскерлік байланыстар орнатуға, келісімшарттар жасауға, серіктестер табуға мүмкіндік береді, - деді ол.

Саид Латиповтың айтуынша, алдағы уақытта Қазақстан визасыз режим енгізілген елдер тізімін кеңейту бағытындағы жұмысты жалғастырады.

Айта кетейік, Қазақстанда "алтын виза" алғандарға бірқатар жеңілдік беріледі.

Сондай-ақ Қазақстан мен Еуроодақ визаны жеңілдету мәселесін талқылап жатқаны белгілі болды.