Қазақстандықтарға «сұр» жолмен әкелінген көліктердің қаупі ескертілді
Мамандар көлікті сатып алар алдында оның заңдық мәртебесін тексеруге кеңес берді.
Қазақстанда «сұр» жолмен әкелінетін көліктер әлі де анықталып жатыр. Сондықтан Үкіметтің тапсырмасынан кейін негізгі назар қолданыстағы талаптардың сақталуын бақылауды күшейтуге аударылады. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, бұл мәселені бір ғана мемлекеттік органның күшімен шешу мүмкін емес.
Бұл мәселе бір министрліктің құзыретімен шектелмейді, сондықтан кешенді тәсілді қажет етеді. Соңғы ережелерді әзірлеу кезінде бұл жұмысқа Ішкі істер министрлігі мен кеден органдары да тартылды, өйткені әкімшілендірумен Мемлекеттік кірістер комитеті айналысады, – деді министр.
Нағаспаевтың сөзінше, бүгінде қажетті нормативтік-құқықтық база толық қалыптасқан.
Барлық заңға тәуелді және нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Ендігі негізгі міндет – қолданыстағы талаптардың сақталуын бақылауды күшейту, – деді ол.
Қазақстан автомобиль одағының пікірінше, заңсыз көлік импортымен күрес тек нарықты ретке келтіру үшін ғана емес, сатып алушылардың құқығын қорғау үшін де қажет.
Бірлестік президенті Анар Мақашеваның айтуынша, trade-in бағдарламасы арқылы ресми автосалондарға келіп түсетін көліктерді тексеру кезінде басқа елдерде кепілде, несиеде немесе лизингте тұрған автокөліктер жиі анықталады.
Көлік иелерінің өздері де мұндай ауыртпалықтардың бар екенін көп жағдайда білмейді. Себебі олар автокөлікті әлеуметтік желілер, делдалдар немесе таныстары арқылы сатып алып, оның заңдық тазалығын алдын ала тексермеген, – деді ол.
Мақашеваның айтуынша, басты мәселелердің бірі – сатып алушылардың көліктің тарихын сатып алар алдында тексеруге мүмкіндік беретін қолжетімді құралдардың болмауы.
Негізгі мәселе – азаматтарда автокөлікті сатып алмай тұрып тексеруге және өзін ықтимал тәуекелдерден қорғауға мүмкіндік беретін қолжетімді құралдардың болмауы, – деді Қазақстан автомобиль одағының басшысы.
Ол қазіргі техникалық регламентті өзгертудің қажеті жоқ екенін айтты. Оның орнына мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, қолданыстағы талаптардың сақталуын бақылауды арттыру қажет.
Сонымен қатар сала өкілдері автокөліктерді тексеруге арналған цифрлық сервистерді енгізуді ұсынып отыр. Мұндай жүйелер сатып алушыларға көлікті сатып алмас бұрын оның заңдық шектеулері бар-жоғын алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін автолизинг қайта оралатыны хабарланды.