Қазақстандықтарға сапасыз интернет үшін ақша қайтарылады
Талдықорған тұрғындары байланыс сапасының нашарлығына байланысты ақшаларын қайтарып алды.
Талдықорғанда 10 тұтынушы сапасыз интернет қызметі үшін 315 мың теңгені кері қайтарды. Белгілі болғандай, бір елді мекенде шамамен 40 күн бойы байланыс пен интернет болмаған. Тұрғындар кейін Жетісу облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті арқылы өз қаражатын қайтаруға қол жеткізген. Бұл жайлы Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Болат Танабергенов ОКҚ алаңында мәлімдеді.
Брифинг барысында айтылғандай, алдымен абоненттер ұжымдық түрде байланыс операторына шағым жолдаған. Компаниядан жауап алғаннан кейін олар Жетісу облысындағы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.
Белгілі бір елді мекенде 40 күн бойы байланыс пен интернет болмаған. Осы мәселеге байланысты тұрғындар шағымданды. Алдымен қызмет көрсетуші компаниядан жауап алды. Кейін тұтынушылар Жетісу облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді, – деді спикер.
Ведомство мәліметінше, мәселе сотқа дейінгі тәртіппен шешілген. Тиісті нұсқама шығарылғаннан кейін байланыс операторы қызметтің көрсетілмегенін мойындап, тұтынушыларға қаражатты қайтарған.
Компания бұл күндері байланыс пен интернет қызметі көрсетілмегенін мойындады. Соған сәйкес тұтынушылардың қаражаты толықтай қайтарылды, – деп атап өтті брифингте.
Осылайша, қазақстандықтар тек байланыс толық болмаған жағдайда ғана емес, қызмет сапасы талапқа сай болмаған кезде де өтемақы талап ете алады. Ол үшін алдымен байланыс операторына шағым түсіріп, кейін тұрғылықты жері бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіну қажет.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке сұрақ жолдап, интернетке қатысты шағымын жеткізген еді.
Сондай-ақ біз Қазақстанда мобильді интернеттің жылдамдығы артып, байланыс инфрақұрылымы жаңарып жатқанымен, елдегі жүздеген ауыл әлі күнге дейін сапалы интернетке қол жеткізе алмай отырғаны жайлы жазған едік.