Бүгiн 2026, 13:13
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов
Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы неге азайып қалғаны белгілі болды
Теңгенің нығаюы БЖЗҚ табысының төмендеуіне әсер еткен.
Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры инвестициялық табысының төмендеуі теңгенің нығаюымен байланысты екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер наурыз бен сәуір айларында доллар әлсірегенін, бұл БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының табыстылығына әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Себебі инвестициялаудың негізгі құралдарының бірі – шетел валютасы. Осыған байланысты олар табыстылық қанша сомаға өзгергенін және БЖЗҚ-ның қазіргі қаржылық нәтижесі қандай екенін сұрады.
Бұл жерде ешқандай шығын туралы сөз болып отырған жоқ, әңгіме теңгенің нығаюы аясында инвестициялық табыстың төмендеуі туралы. Өздеріңіз білесіздер, инвестициялық активтердің белгілі бір бөлігі, шамамен 40%-ы әртараптандыру мақсатында валютаға салынған. Жыл басынан, қаңтардан наурыз айының соңына дейін теңге доллармен салыстырғанда шамамен 5,5%-ға нығайды. Соның нәтижесінде БЖЗҚ-ның инвестициялық табысы төмендеді: нақты айтқанда, наурыз айында ол 240 млрд теңгеге қысқарды, – деп түсіндірді Әлия Молдабекова.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк зейнетақы жинақтарын алу шектерін арттыру туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеген болатын.