Қазақстандықтардың шоттары жаппай бұғатталды: Себебі анықталды
Жаңа жүйені енгізу барысында техникалық қате жіберілген.
Мемлекеттік кірістер комитеті банк шоттарындағы шығыс операцияларының тоқтатылуына қатысты жағдайды ресми түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта салықтық әкімшілендіруді цифрландыру аясында камералдық бақылау процестерін толық автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жүйе хабарламаларды қалыптастырудан бастап, олардың орындалуын бақылауға және тиісті шаралар қабылдауға дейінгі барлық кезеңді қамтиды.
МКК атап өткендей, автоматтандыру адами факторды азайтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және негізсіз салықтық шаралардың алдын алуға бағытталған.
Алайда жаңа жүйені енгізу барысында техникалық қате жіберілген. Соның салдарынан камералдық бақылаудың жекелеген хабарламалары бойынша кейбір азаматтардың банктік шоттарындағы шығыс операциялары негізсіз тоқтатылған, - деп мәлімдеді комитет.
Қазіргі уақытта қате толық жойылған. Комитеттің хабарлауынша, бұрын енгізілген шектеулерді кері қайтарып алу жұмыстары жүріп жатыр, оның бір бөлігі қазірдің өзінде алынып тасталған.
Жұмыстар 2026 жылғы 10 сәуірде толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
Мемлекеттік кірістер комитеті келтірілген қолайсыздықтар үшін азаматтардан кешірім сұрап, жүйе қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін депутат Мұрат Әбенов жалақы мен зейнетақы қорғалатынын, жаңа ереже енгізілетінін айтқан болатын.
Сондай-ақ, Әділет министрлігі зейнетақы мен жалақы шоттары бұғаттан шығатынын, арест қалай шешілетінін түсіндірді.