20 Қазан 2026, 18:56 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстандықтардың бюджетіне қандай шығындар көбірек салмақ түсіреді?

Қазақстандықтар ең көп ақшаны азық-түлікке жұмсайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында халықтың барлық ақшалай шығыстарының 50,5%-ы азық-түлік тауарларын сатып алуға кеткен. Тағы 20,7%-ы қызметтерді төлеуге, ал 19,5%-ы азық-түлік емес тауарларға бағытталды. Ел тұрғындары орта есеппен қанша жұмсайды және қай өңірлерде тамақтану шығындары ең үлкен үлесті алады. Осы мәселені BAQ.KZ тілшісі анықтап көрді.

Қазақстандықтар қанша ақша жұмсайды?

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың екінші тоқсанында халықтың ақшалай шығыстары бір адамға шаққанда үш айда орта есеппен 358 584 теңгені құрады. Осылайша, ай сайын бір қазақстандық орта есеппен 119,5 мың теңгеге жуық жұмсаған.

Қаражаттың басым бөлігі – 90,7%-ы – тұтынушылық қажеттіліктерге бағытталды. Бұл азық-түлікке, азық-түлік емес тауарларға және түрлі қызметтерге жұмсалған шығындар.

Ақшалай шығыстардың жалпы құрылымында ең үлкен үлес азық-түлікке тиесілі – 50,5%. Екінші орында ақылы қызметтер тұр – 20,7%, үшінші орында – азық-түлік емес тауарлар (19,5%).

Күнделікті сатып алулар мен қызметтерді төлеуден бөлек, қазақстандықтар ақшаның бір бөлігін қаржылық міндеттемелерді орындауға бағыттады.

Сонымен, шығыстардың 7,3%-ын несиелер мен қарыздарды өтеу, тағы 1,9%-ын туыстары мен таныстарына материалдық көмек көрсету және алимент төлеу құрады. Салықтар мен басқа да төлемдерге 0,1% тиесілі болды.

Осылайша, тұтынушылық шығыстардың әртүрлілігіне қарамастан, азық-түлік өнімдері халық шығыстарының ең ірі тармағы болып қала береді.

Қай өңірлерде тамаққа ең көп ақша жұмсайды?

Азық-түлікке кететін шығындардың үлесі өңірлерге байланысты айтарлықтай ерекшеленеді.

Ең жоғары көрсеткіш Жетісу облысында тіркелді. Онда халықтың ақшалай шығыстарының 60,2%-ы азық-түлік тауарларына кетеді.

Маңғыстау облысында тамақтану шығындарының үлесі 59,9%-ды, ал Шымкентте – 57,4%-ды құрайды.

Елдің ірі қалаларында жағдай біршама өзгеше. Мысалы, Астанада азық-түлік тауарларына ақшалай шығыстардың 43,8%-ы, ал Алматыда – 49%-ы тиесілі.

Бұл ретте Алматы мен Астанада қызметтерге кететін шығындардың үлесі айтарлықтай жоғары: тиісінше 27,5% және 25,6%.

Бұл жерде сөз шығыстардың абсолютті суммасы туралы емес, дәл шығыстардың үлесі (проценттік арақатысы) туралы болып отырғанын ескеру маңызды. Сондықтан азық-түлікке кететін шығындардың жоғары пайызы бір өңірдің тұрғындары екінші өңірдің тұрғындарына қарағанда тамақты көп ақшаға сатып алатынын білдірмейді.

Қазақстандықтар қанша табыс табады?

2026 жылдың екінші тоқсанында бір адамға шаққандағы ақшалай кіріс үш айда орта есеппен 410 088 теңгені құрады. Егер бұл сумманы шартты түрде үш айға бөлсек, айына шамамен 136,7 мың теңгеден келеді. 2025 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 14%-ға өскен.

2025 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 14%-ға артты.

Бұл жерде ақшалай кірістер мен шығыстар үй шаруашылықтарын зерттеу нәтижелері бойынша бір адамға шақталып есептеледі. Бұл көрсеткіштерді қызметкерлердің орташа жалақысымен шатастырмау керек.

Ұлттық статистика бюросы мәліметтердің 12 мың үй шаруашылығын таңдамалы зерттеу негізінде алынғанын нақтылайды.

Бұдан бөлек, 2026 жылдан бастап тұтынушылық шығыстардың жіктемесі (классификациясы) өзгерді. Оның ішінде, үйден тыс жерде тамақтану шығындары енді азық-түлік тауарларының емес, ақылы қызметтердің санатында ескеріледі. Салыстырмалы талдау жасағанда және қазіргі көрсеткіштерді өткен жылдардағы мәліметтермен салыстырғанда осы өзгерісті ескеру қажет.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жалақысы 300 мың теңгеден асатын қызметкерлер саны артқаны хабарланды. 

Тағы оқи отырыңыз: 

Қазақстанда 16-24 жас аралығындағы қызметкерлердің жалақысы өсті

Жан басына шаққандағы ақшалай табыс 410 мың теңгеге жетті