17 Қараша 2026, 17:31 Фото: gov.kz

Қазақстандықтарды қыста қандай өзгерістер күтіп тұр: Жалақы, зейнетақы, жәрдемақы және айыппұл

Жаңа жылдан бастап жалақы мен зейнетақы өседі, кейбір жәрдемақыға қатысты талаптар өзгереді. Ал көлік иелері мен кәсіпкерлерді қандай жаңалықтар күтіп тұр?

Қазақстанда ең төменгі жалақы мен зейнетақыны көтеру, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақы мерзімін қысқарту және шетелден әкелінетін көліктерді рәсімдеуге жаңа талаптар енгізу жоспарланып отыр. Өзгерістер балалы отбасыларға, зейнеткерлерге, кәсіпкерлер мен көлік сатып алушыларға әсер етеді. BAQ.KZ редакциясы 2026 жылғы 1 желтоқсан мен 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін және күтіліп отырған негізгі өзгерістерді жинақтады.

Жалақы мен зейнетақы

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру тапсырылды. Қазір оның мөлшері – 85 мың теңге. Мұндай тапсырманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында берген болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл өзгеріс 1,8 миллионға жуық азаматты, оның ішінде 370 мыңнан астам бюджет қызметкерін қамтиды.

Осы күннен бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандарының жалақысына үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін үстемеақы қосу көзделген. Бұл шара 77 мыңнан астам адамның табысын арттыруға мүмкіндік береді. Қосымша төлемнің нақты мөлшері еңбек өтіліне байланысты болады.

Зейнетақы көрсеткіштері әзірге республикалық бюджет жобасында ұсынылған. 2027 жылға арналған жоспар бойынша:

  • Жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақы төлемдерін 8,5 пайызға арттыру көзделген.
  • Ең төменгі зейнетақы мөлшері мен базалық зейнетақы төлемі де қайта қаралады.

Алайда нақты сомалар республикалық бюджет туралы заңда бекітіледі. Айта кетейік, ең төменгі зейнетақы мен базалық зейнетақы төлемі – зейнетақымен қамсыздандырудың екі бөлек құрамдас бөлігі.

Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 118 пайызынан 120 пайызына дейін өседі. Оның нақты көлемі азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептелетіндіктен, қосымша төлем мөлшері әр адамда әртүрлі болады.

Жәрдемақылар мен отбасыларға берілетін төлемдер

Алғашқы өзгерістер 18 қарашадан бастап күшіне енеді. Енді ата-ананың қалауы бойынша баланың тууын тіркеу және жәрдемақы тағайындауға өтініш беру рәсімдерін бір кешенді қызмет арқылы жүзеге асыруға болады.

Құжаттарда қате кеткен немесе қажетті құжаттар толық ұсынылмаған жағдайда, өтініштің бастапқы берілген күнін жоғалтпай, екі жұмыс күні ішінде кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беріледі. Бұл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 30 қазандағы №431 бұйрығында көзделген.

2027 жылғы 11 қаңтардан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыруға бағытталған пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Ол материалдық жағдайы жоғары және ауқатты санаттарға жатқызылған отбасыларға төленетін 36 түрлі әлеуметтік төлемнің 12 түрін қамтиды.

Әлеуметтік көмекке құқығы бар-жоғын анықтау кезінде отбасының материалдық жағдайы ескеріледі. Алайда министрліктің жариялаған хабарламасында аталған 12 төлемнің толық тізімі көрсетілмеген. Сондықтан бұл өзгерісті ауқатты отбасылардың белгілі бір жәрдемақыларынан жаппай айыру деп түсінуге әзірге негіз жоқ. Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша әлеуметтік көмекті одан әрі көрсету тәртібіне қатысты ұсыныстар әзірленеді.

Дайындық жұмыстары бұған дейін басталады. 2026 жылғы желтоқсанда Отбасының цифрлық картасын банктердің ақпараттық жүйелерімен байланыстыру жоспарланған. Үкімет азаматтардың табысы, шығысы мен кредиттік міндеттемелерін ескере отырып, материалдық жағдайды бағалау әдістемесін жетілдіріп жатқанын хабарлаған.

Өзгерістер қолданыстағы жәрдемақы алушыларға да әсер етуі мүмкін. Егер бала күтімі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға немесе наградталған аналарға берілетін төлемдерді алып отырған отбасы Отбасының цифрлық картасы арқылы А немесе В санатына жатқызылса, төлемдер келесі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін бала күтімі жөніндегі әлеуметтік төлемді алу тәртібі де өзгереді. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл төлемді алу құқығы анаға бекітіледі. Анасы қайтыс болған жағдайда, төлемді баланың заңды өкілі ала алады.

Сонымен қатар анасы бала бір жарым жасқа толғанға дейін жұмысқа шықса да, әлеуметтік төлемді алуын жалғастыра береді. Яғни жұмысқа орналасу төлемді тоқтатуға негіз болмайды. Бұл өзгерістер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемге қатысты. Оны әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыруға арналған пилоттық жобамен шатастырмаған жөн.

Жұмысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақы мерзімі қысқарады

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі алты айдан үш айға дейін қысқарады.

Ай сайынғы төлемнің ең жоғары мөлшері ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 45 пайызына тең болады.

Бұл төлемді қайта алу үшін азамат оның соңғы рет төленген айынан кейін 12 күнтізбелік ай өткен соң ғана қайта өтініш бере алады.

Ал 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған төлемдер белгіленген мерзімі аяқталғанша бұрынғы талаптар бойынша төленеді. Жаңа тәртіп келесі жылдың басынан бастап төлем тағайындауға өтініш беретін азаматтарға қолданылады.

Шетелден әкелінетін көліктерді рәсімдеуге жаңа талаптар қойылады

2026 жылғы 30 желтоқсаннан бастап Көлік министрлігінің №293 бұйрығы күшіне енеді. Оған сәйкес, жеке тұлғалар жеке пайдалануы үшін шетелден әкелетін автомобильдер кемінде Еуро-5 экологиялық стандартына сәйкес болуы керек. Сонымен қатар көлік шығарылған күннен бастап бес жылдан аспауы тиіс.

Бұл талаптар көлікті Қазақстан аумағында айналымға шығаруға қатысты қолданылады. Сондықтан шетелден автомобиль сатып алмас бұрын оның кедендік рәсімдеуден өту мүмкіндігін ғана емес, Қазақстанда толық тіркеуге қойылу талаптарына сәйкестігін де ескерген жөн.

Айыппұлдар, көлікті тіркеу және сақтандыру құны өзгереді

Егер 2027 жылға арналған айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 693 теңге мөлшерінде бекітілсе, оған байланысты есептелетін айыппұлдар мен міндетті төлемдердің де көлемі артады.

Мәселен:

  • 5 АЕК көлеміндегі айыппұл 21 625 теңгеден 23 465 теңгеге дейін;
  • 10 АЕК көлеміндегі айыппұл 43 250 теңгеден 46 930 теңгеге дейін өседі.

Мысалы, көлікті тоқтату немесе тұраққа қою ережелерін бұзудың кейбір түрлері үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал көлікті тротуарға қою немесе өзге автомобильдердің қозғалысына кедергі келтіретіндей етіп тоқтату үшін жаза мөлшері жоғары болады.

Қолданыстағы мөлшерлемелер сақталған жағдайда, шығарылғанына үш жылдан асқан жеңіл автомобильді бастапқы тіркеу алымы 2 миллион 346 мың 500 теңгені құрайды. Бұл ретте шығарылған жылы да есепке алынады. Электромобильдерге бөлек мөлшерлемелер қолданылады.

Кәдеге жарату төлемінің базалық мөлшерлемесі 50 АЕК болғандықтан, ол 234 650 теңгеге дейін өседі. Алайда түпкілікті төлем арнайы коэффициенттер арқылы есептеледі. Сондықтан нақты төленетін сома базалық мөлшерден едәуір жоғары болуы мүмкін.

Міндетті автосақтандырудың есептік базасы да артады. Егер мөлшерлеме 1,9 АЕК деңгейінде қалса, оның мөлшері 8 217,5 теңгеден 8 916,7 теңгеге дейін өседі.

Дегенмен бұл – сақтандыру полисінің түпкілікті бағасы емес. Полистің құны көлік тіркелген өңірге, автомобильдің сипаттамаларына, жүргізушінің жасына, еңбек өтіліне, сақтандыру тарихына және басқа да коэффициенттерге байланысты есептеледі.

Электромобильдерді қуаттау құнына бақылау күшейеді

2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап электромобильдерді қуаттау қызметінің құнын есептеуге пайдаланылатын жабдықтар міндетті түрде метрологиялық тексеруден өтуі керек.

Бұл талап Сауда және интеграция министрінің 2026 жылғы 25 қыркүйектегі №272-НҚ бұйрығында бекітілген. Тексеру барысында берілген электр энергиясының көлемі, кернеу, ток күші және қуаттау уақыты бақылауға алынады.

Депутаттардың ескертуінше, қуаттау станцияларының бір үлгісін немесе тұтас партиясын сынақтан өткізу шамамен 2 миллион теңгеге түсуі мүмкін. Операторлар бұл шығындарды қызмет тарифіне қосуы ықтимал. Алайда бағаның міндетті түрде өсетіні әзірге белгісіз. Сауда және интеграция министрлігі 1 желтоқсанға дейін жаңа талаптарды қолдану тәртібіне қатысты түсініктеме беруге уәде еткен.

Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің төлемдері артады

Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін көтерілген жағдайда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) кәсіпкердің өзі үшін төлейтін жарнасы айына 7 700 теңгені құрайды. Қазір бұл сома – 5 950 теңге.

Есептеу тәртібі бойынша кәсіпкердің жарнасы ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5 пайызына тең. Бұл талап өзіне жарна төлеуге міндетті кәсіпкерлерге қатысты.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының мөлшерлемесі қызметкер табысының 3,5 пайызынан 4,5 пайызына дейін өседі.

Маңыздысы, бұл қаражат жұмыс берушінің есебінен аударылады. Яғни қызметкердің жалақысынан ұсталмайды.

Киім-кешек пен тауарларға цифрлық таңбалау енгізіледі

2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап жеңіл өнеркәсіптің жекелеген тауарларына міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі.

Алғашқы кезеңде талап былғарыдан және жасанды үлбірден жасалған кейбір бұйымдарды, киім-кешектің жекелеген түрлерін, шаңғы костюмдерін, төсек-орын жабдықтарын, дастарқан мен асүйге арналған тоқыма бұйымдарын қамтиды.

Белгіленген тізімге кіретін тауарларға арнайы цифрлық кодтар салынады. Таңбаланған өнім туралы ақпаратты Naqty Ónim сервисі арқылы тексеруге болады. Мұндай мүмкіндік eGov Mobile, Forte және Aitu қосымшаларында да қарастырылған.

2027 жылғы 1 наурыздан бастап міндетті таңбалау енгізілетін тауарлар тізімі кеңейеді. Оған сырт киімнің жекелеген түрлері, жемпірлер, кардигандар, жейделер, блузкалар, шарфтар және басқа да тауарлар қосылады.

«Виртуалды қойма» арқылы рәсімделетін тауарлар тізімі кеңейеді

2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап құжаттары «Виртуалды қойма» модулі арқылы рәсімделуге тиіс тауарлар тізімі ұлғаяды.

Өзгерістер тізімге енгізілген ауыл шаруашылығы өнімдері мен ең төменгі баға деңгейі белгіленген тауарларға қатысты болады.

Бұл өнімдер бойынша тауарларға ілеспе жүкқұжаттар мен электрондық шот-фактуралар аталған модуль арқылы рәсімделуі тиіс.

Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, құжаттарды рәсімдеу тетігінің өзі өзгермейді. Тек осы тәртіп қолданылатын тауарлардың тізімі кеңейеді.

Мерекелер, қысқы демалыс және ауа райы

2026 жылы Қазақстанның Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсан сәрсенбіге сәйкес келеді. Сондықтан мерекеге байланысты қосымша демалыс күндері ауыстырылмайды.

Бес күндік жұмыс аптасы кезінде желтоқсанда 22 жұмыс күні және 9 демалыс күні болады. Ал 31 желтоқсан жұмыс берушінің шешімімен демалыс күні болып белгіленуі мүмкін.

Оқушылардың қысқы демалысы 2026 жылғы 28 желтоқсаннан 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін жалғасады.

Қазгидрометтің болжамына сәйкес, желтоқсанда еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болады.

Кәсіпкерлікті тексеруге мораторий енгізіле ме?

Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге арналған кезекті үш жылдық мораторий енгізу мәселесін талқылауды ұсынды.

Алайда бұл бастама бойынша әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Сондықтан кәсіпкерлікті тексеруге мораторий енгізілді деп айтуға әлі ерте.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізудің мақсатқа сәйкестігі туралы шешім қабылданады. Бұл бақылау жүйесін қайта қарау және реттеудің цифрлық моделіне көшу үшін қажет. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында мәлімдеді.

Тағы оқи отырыңыз: Кәсіпкерлікті тексеруге мораторий: Үкімет екі апта ішінде ұсыныс енгізеді