Бүгiн 2026, 10:38 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстандықтар жазда алаңсыз демала алады

Ұлттық банк төрағасы жазда немен айналысатынын айтты.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында биылғы жазға арналған негізгі жоспарларын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.    

Сүлейменовтің сөзінше, алдағы айларда қаржы секторында бірқатар маңызды жобалар іске асырылады. Оның ішінде халық асыға күткен бірыңғай QR жүйесі де бар. 25 маусым күні жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін толығырақ түсіндірген болатынбыз. 

Жазда біз анықтаған маңызды шаруалардың ішінен міндетті түрде қолға алатынымыз, бірыңғай QR-ды іс жүзінде енгіземіз және цифрлық теңгені дамытуды жалғастырамыз. Сондай-ақ үкіметпен бірлескен жоспарымызда оның көлемін бір триллион теңгеге дейін жеткізу көзделген, - деді Тимур Сүлейменов журналистерге.

Бұл бағытта алдағы уақытта арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылуы мүмкін.

Сондай-ақ Тимур Сүлейменов мемлекеттік бюджеттік қарыздар ауқымында миллиардтаған сомалар үлкен рөл атқармайтынын атап өтті. Ол «миллиард, екі, үш, бес немесе он миллиард дегеніміз - көптриллиондық қарыздар ауқымында өте аз сома» екеніне тоқталды.

Ұлттық банк төрағасы Сүлейменов ел экономикасында ешқандай теріс өзгерістер болмайтынын айтып, халықты тыныштандырды.

Ешқандай сілкіністер күтіп тұрған жоқ, бұған нық сенімді болуға болады. Қазақстандықтар алаңсыз демала алады. Ал бізге, негізінен, демалуға уақыт жоқ, жұмыс әдеттегідей жалғасады, - деп айтты Тимур Сүлейменов Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында.