Қазақстандықтар зейнетақысын енді өздері басқара алады: Қыркүйекте өзгеріс болады
Қазақстандықтар зейнетақы жинағын толықтай жеке басқаруға мүмкіндік алады.
7 қыркүйектен бастап БЖЗҚ салымшылары зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін инвестициялық басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға бере алады. Жаңа мүмкіндік салымшыларға инвестициялық стратегияны өздері таңдап, жинақтың табыстылығын арттыруға жол ашады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) салымшыларының инвестициялық мүмкіндіктері кеңейеді. Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді азаматтар зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейін инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) сенімгерлік басқаруына бере алады.
Бұған дейін мұндай мүмкіндік шектеулі көлемде ғана ұсынылса, енді салымшылар өз жинақтарын басқару тәсілін өздері таңдай алады.
Салымшылар не таңдай алады?
Жаңа тәртіпке сәйкес міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарды бір немесе бірнеше инвестициялық портфельді басқарушы компанияға сенімгерлік басқаруға беруге болады.
Сонымен қатар салымшы:
- жинақтың қанша бөлігін басқаруға беретінін өзі анықтайды;
- бір немесе бірнеше инвестициялық компанияны таңдай алады;
- өзінің қаржылық мақсатына сай бірнеше инвестициялық портфельді қатар пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Инвестициялық портфельдердің үш түрі ұсынылады
Заңнамаға сәйкес әрбір инвестициялық портфельді басқарушы үш түрлі стратегия ұсына алады:
- консервативті – тәуекелі төмен;
- теңгерімді – тәуекел мен табыстылықтың орташа деңгейі;
- тәуекелі жоғары – жоғары кіріс әкелуі мүмкін, бірақ тәуекелі де жоғары.
Бұл салымшыларға жасына, қаржылық жоспарына және тәуекелге дайындық деңгейіне қарай тиімді нұсқаны таңдауға мүмкіндік береді.
Барлық мәлімет бір платформада болады
БЖЗҚ салымшылар үшін invest.enpf.kz атты жаңа ақпараттық платформаны іске қосты.
Онда:
- барлық басқарушы компаниялардың табыстылығы;
- инвестициялық портфельдердің құрылымы;
- әр кезеңдегі кірістілік көрсеткіштері;
- Қазақстан Ұлттық Банкі мен жеке басқарушы компаниялардың нәтижелері жарияланып, өзара салыстырылады.
Осылайша азаматтар әртүрлі басқарушылардың жұмысын салыстырып, өздеріне тиімді нұсқаны таңдай алады.
Өтінішті қалай беруге болады?
Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін салымшы инвестициялық портфельді басқарушы компанияны таңдап, өтініш береді.
Өтінішті:
- enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен;
- немесе БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып рәсімдеуге болады.
Өтініш толық автоматтандырылған жүйе арқылы өңделеді.
БЖЗҚ өтініш түскен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде қаражатты таңдалған басқарушы компанияға аударады.
Егер салымшы кейін басқарушы компанияны ауыстырғысы келсе немесе қаражатын қайтадан Ұлттық Банктің басқаруына қайтарғысы келсе, бұл әрекетті жинақ сенімгерлік басқаруға берілген күннен бастап кемінде бір жылдан кейін ғана жүзеге асыра алады.
Зейнетақы жинағы қалай қорғалады?
БЖЗҚ жаңа жүйеде салымшылардың қаражатын қорғаудың бірнеше тетігі қарастырылғанын атап өтті.
Атап айтқанда:
- басқарушы компания белгіленген табыстылық деңгейіне жете алмаса, айырмашылықты өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті;
- барлық активтер тәуелсіз кастодиан-банкте сақталады;
- инвестициялар заңмен белгіленген қаржы құралдарына ғана салынады;
- криптовалюта мен басқа да жоғары тәуекелді цифрлық активтерге зейнетақы қаражатын инвестициялауға тыйым салынады;
- инвестициялық портфельді басқаруға тек Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің талаптарына сай келетін қаржылық тұрақты компаниялар ғана жіберіледі.
Қазіргі уақытта Қазақстанда зейнетақы активтерін басқаруға алты инвестициялық компания рұқсат алған.
Бұған дейін қазақстандықтарға БЖЗҚ-дағы жинағының 100 пайызын аударуға рұқсат етілетінін хабарладық. Елімізде зейнетақы жүйесін реформалаудың жаңа кезеңі басталады.
Тағы оқи отырыңыз: БЖЗҚ сіздің зейнетақыңызды қайда инвестициялап жатқанын білесіз бе?
Зейнетақы жинағының 100%-ын жеке басқарушыға қалай сеніп тапсыруға болады? БЖЗҚ түсіндірді