9 Қазан 2025 2025, 15:12 Фото: - архив

Қазақстандықтар несиені көбірек ала бастады

Қазақстандықтар өткен жылмен салыстырғанда несиені жиі ала бастаған, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Қазақстандықтар өткен жылмен салыстырғанда несиені жиі ала бастаған, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша халыққа берілген кредиттердің жалпы көлемі 22,7 трлн теңгені құрады. Бұл өткен аймен салыстырғанда 3,1%-ға артық. 2025 жылдың басынан бері өсім 14,7%-ды құрады.

Халыққа берілетін кредиттер құрылымында тұтынушылық қарыздар 2,1%-ға өсіп, ол 16,0 трлн теңгеге жетті.

Ипотекалық қарыздар тамыз айында 2,5%-ға өсіп, 6,6 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері өсім 9%-ды құрады. Оның ішінде нарықтық шарттармен берілген ипотекалық кредиттердің көлемі 3,8%-ға ұлғайып, 2,1 трлн теңгеге жетті.

2025 жылғы тамызда халыққа берілген жаңа қарыздар 1,8 трлн теңгені құрады. Яғни, 2025 жылдың 8 айында бұл көрсеткіш 12,9 трлн теңгеге жетті. Бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 13,1%- ға көп, – делінген ҚҚҚА хабарламасында.

Тамыз айында халыққа теңгемен берілген несиелер бойынша орташа өлшенген сыйақы мөлшерлемесі 19,3%-ды құрады.
Несие түрлері бойынша мөлшерлемелер келесідей бөлінді:

2025 жылғы тамызда халыққа ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 19,3%-ды құрады.

  • теңгемен ипотека – 8,6%;
  • тұтынушылық кредиттер – 21,5%.

Сонымен қатар, несие алу белсенділігінің артуы депозиттердің де көбеюімен қатар жүріп жатыр.

Тамыз айында резиденттердің депозиттері 1,0%-ға өсіп, 42,8 трлн теңгеге жетті. Негізгі өсім ұлттық валютадағы салымдар есебінен болды. Олардың көлемі 1,0%-ға артып, 33,3 трлн теңгеге жетті.

Шетел валютасындағы депозиттердің көлемі де 0,8%-ға өсіп, 9,5 трлн теңгені құрады.

Осының аясында долларлану деңгейі төмендеуін жалғастыруда: 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ол 22,2%-ды құрады, ал жылдың басында бұл көрсеткіш 22,5% болған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы орташа жалақы қанша болғанын жаздық.