Қазақстандықтар ем-домға өз қалтасынан жиі ақша шығара бастаған
Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы артқанымен, ем-дом мен дәрі-дәрмекке өз ақшасын жұмсайтын қазақстандықтардың саны көбейіп жатыр
Қазақстанда емделу шығынын өз мойнына алатын тұрғындар саны артып келеді.
Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы Қазақстан халқының денсаулығы мен медицина ұйымдарының жұмысына арналған жыл сайынғы статистикалық жинақты жариялады. Құжатта 2024-2025 жылдарға қатысты мәліметтер қамтылған.
Жинақтағы ақпараттың көбі 2025 жылға қатысты болғанымен, қаржыландыру бөлімі бойынша ең соңғы деректер 2024 жылға тиесілі. Онда денсаулық сақтау жүйесіне бөлінетін жалпы қаржы көлемі артқанымен, тұрғындардың өз қаражатынан шығаратын шығыны да көбейгені көрсетілген.
Ресми мәліметке сәйкес, 2023 жылы денсаулық сақтау саласына жұмсалған жалпы шығын 4,79 трлн теңге болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,88 трлн теңгеге жеткен. Ал жеке шығындар көлемі одан да жылдам өскен: 1,54 трлн теңгеден 2,24 трлн теңгеге дейін артқан. Бұған азаматтардың өз қалтасынан төлейтін қаражаты, жұмыс берушілердің шығындары және ерікті медициналық сақтандыру төлемдері кіреді.
Әсіресе емделу, дәрі-дәрмек сатып алу, тексеруден өту немесе дәрігер қабылдауына жұмсалатын тікелей шығындардың үлесі көбейген. Бір жыл ішінде мұндай шығындардың үлесі денсаулық сақтау жүйесіндегі ағымдағы шығындардың 27,7 пайызынан 31,9 пайызға дейін өскен.
Сонымен бірге денсаулық сақтау саласындағы ағымдағы шығын құрылымында мемлекет қаржысының үлесі азайған. Егер 2023 жылы бұл көрсеткіш 66 пайыз болса, 2024 жылы 57,5 пайызға дейін төмендеген. Алайда нақты қаржы көлемі жағынан мемлекеттік шығын аздап артқан – 2,99 трлн теңгеден 3,03 трлн теңгеге дейін.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы бөлінетін қаржы да көбейген. МӘМС шығындары 998 млрд теңгеден 1,16 трлн теңгеге дейін өскен. Ал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыру 1,34 трлн теңгеден 1,65 трлн теңгеге дейін артқан.
Жинақтағы мәліметтер денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі ұлғайғанымен, науқастардың өзіне түсетін қаржылық салмақтың да артып отырғанын аңғартады. Алайда мұндай өзгерістердің нақты себебі құжатта көрсетілмеген.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда әрбір екінші ересек адам гипертонияға шалдыққан. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі жоғары қан қысымы инфаркт, инсульт және мезгілсіз өлімнің негізгі себептерінің бірі болып қала беретінін еске салды.
Тағы оқи отырыңыз: «Аутизмді емдейміз»: Денсаулық сақтау министрлігі желідегі жарнамаға қатысты пікір білдірді