Бүгiн 2026, 14:50 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстандықтар БЖЗҚ-дан ақша алуды күрт азайтты

Тұрғын үй мен емделуге арналған біржолғы төлемдер көлемі бір жылда 36,9%-ға азайды

Қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге арналған зейнетақы қаражатын бұрынғыдан сирек ала бастаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл БЖЗҚ деректерінен белгілі болды.

Мәселен, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында осы мақсаттарға төленген зейнетақы қаражаты 135,24 млрд теңгені құраған. Ал 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 219,1 млрд теңге болған. Яғни бір жылда мұндай төлемдер көлемі 36,9%-ға азайған.

2026 жылдың басынан бері тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері 135,24 млрд теңгені құрады. Мұрагерлік бойынша төлемдер – 33,05 млрд теңге, Қазақстаннан тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 9,86 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға төлемдер – 933,26 млн теңге, жерлеуге арналған төлемдер – 2,37 млрд теңге. Сақтандыру ұйымдарына 109,94 млрд теңге аударылды, – делінген хабарламада.

Барлық жарна түрлері бойынша төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдардың жалпы көлемі 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында 360,02 млрд теңгеге жеткен (бір жыл бұрын – 371,44 млрд теңге).

Жасына байланысты төлемдер көлемі 68,63 млрд теңгені құрады (өткен жылы – 56,4 млрд теңге). Зейнет жасына жетуге байланысты БЖЗҚ-дан ай сайын төленетін орташа төлем мөлшері 35 596 теңге болған (35 638 теңге).

1 сәуірдегі жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 26,82 трлн теңгеден асты. Соңғы 12 айда бұл көрсеткіш 4,08 трлн теңгеге немесе 17,9%-ға өскен.

2026 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша, БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны 18,53 млн-ға жеткен. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 1,08 млн-ға немесе 6,2%-ға артқан.

Еске салайық, бұған дейін БЖЗҚ халыққа маңызды ескерту жасады.

Сондай-ақ, зейнетақы жинағын алу шегі өзгеретінін хабарлаған едік.