13 Тамыз 2026, 18:09 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстандық жастардың 72%-дан астамы отбасын құрғысы келеді – зерттеу

ЮНФПА жүргізген жаһандық зерттеу Қазақстандағы жас буынның 72%-дан астамы некеге тұруды қалайтынын көрсеткен.

Еліміздегі жастардың басым бөлігі отбасын құрып, балалы болуға ниетті, алайда оған баспана мен экономикалық тұрақтылықтың жоқтығы кедергі. Бұл туралы ЮНФПА-ның бағдарламалық сарапшысы Ғазиза Молдақұлова «Жастар, отбасы және Қазақстандағы демографиялық даму» тақырыбындаға дөңгелек үстелде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, ЮНФПА жүргізген жаһандық зерттеу Қазақстандағы жас буынның 72%-дан астамы некеге тұруды қалайтынын көрсеткен.

Статистикаға сүйенсек, Қазақстан мен әлем бойынша отбасылық немесе серіктестік қарым-қатынас орнатуға кедергі келтіретін негізгі факторлардың үлесі төмендегідей бөлінген:

• Экономикалық және тұрғын үй шектеулері: Қазақстан – 32,3% (Ғаламдық көрсеткіш – 28,0%);

• Серіктестің болмауы және лайықты адамды табу қиындығы: Қазақстан – 31,7% (Ғаламдық көрсеткіш – 23,5%);

• Денсаулыққа байланысты шектеулер: Қазақстан – 19,6% (Ғаламдық көрсеткіш – 17,9%);

• Бұрынғы қарым-қатынас тәжірибесімен байланысты факторлар: Қазақстан – 17,8% (Ғаламдық көрсеткіш – 18,4%);

• Жұмысқа қатысты шектеулер: Қазақстан – 16,1% (Ғаламдық көрсеткіш – 16,5%);

• Әлеуметтік нормалар мен дискриминация: Қазақстан – 15,9% (Ғаламдық көрсеткіш – 14,6%).

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Ғазиза Молдақұлованың айтуы бойынша, Қазақстанда жастардың балалы болуға деген ниеті өте жоғары.

ЮНФПА дерегіне сәйкес, 18-39 жас аралығындағы респонденттердің қалайтын бала санының орташа көрсеткіші әйелдер арасында 2,7, ал ерлерде 3,2 баланы құрайды. Тіпті 35-39 жастағы баласы жоқ әйелдердің 97,2%-ы, ал ерлердің 100%-ы идеалды жағдайда балалы болғысы келетінін білдірген. Дегенмен, нақты бала саны 35-39 жас аралығындағы әйелдерде 1,4, ал ерлерде 1,0 баланы құрайды. 

Респонденттер сауалнамада балалы болуға кедергі келтіретін ең басты факторларды да белгілеген. Нәтижесінде: қазақстандықтар үшін де, жаһандық деңгейде де басты кедергі – экономикалық және тұрғын үй шектеулері болып шықты. Бұл факторды Қазақстандағы респонденттердің 41,3%-ы, ал әлем бойынша 38,7%-ы «өте маңызды» деп бағалаған.

Балалы болуға кері әсер ететін басқа да факторлар төмендегідей бөлінді:

• Лайықты серіктестің болмауы: Қазақстан – 40,4% (Ғаламдық көрсеткіш – 34,7%);

• Денсаулық пен репродуктивті денсаулыққа қатысты мәселелер: Қазақстан – 34,9% (Ғаламдық көрсеткіш – 32,8%);

• Серіктестің балалы болуды қаламауы: Қазақстан – 26,1% (Ғаламдық көрсеткіш – 21,3%);

• Қолдаудың жеткіліксіздігі және ата-аналық міндеттердің ауырлығы: Қазақстан – 22,8% (Ғаламдық көрсеткіш – 23,0%);

• Макродеңгейдегі белгісіздік пен сыртқы тәуекелдер: Қазақстан – 20,5% (Ғаламдық көрсеткіш – 21,2%);

• Қалаған бала санына жетіп қоюы: Қазақстан – 19,1% (Ғаламдық көрсеткіш – 24,1%);

• Отбасының басқа мүшелеріне күтім жасау міндеттерінің көптігі: Қазақстан – 15,7% (Ғаламдық көрсеткіш – 20,4%).

Бұған дейін Қазақстанда жастар мен отбасының демографиялық болашағы туралы жаһандық зерттеу нәтижесін таныстыруға арналған «Жастар, отбасы және Қазақстандағы демографиялық даму» тақырыбында дөңгелек үстел өткенін хабарлаған болатынбыз. 

Жанерке Жәкен