Қазақстандық қоғамдық даму институтында БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) Demographic Futures Survey 2026 жаһандық зерттеуінің нәтижелерін таныстыруға арналған «Жастар, отбасы және Қазақстандағы демографиялық даму» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия аясындағы Зерттеу ұйымдары консорциумы және ЮНФПА-мен бірлесіп ұйымдастырылды.
Жиынға Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі Чинве Огбонна, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың сарапшылары қатысты.
Demographic Futures Survey 2026 – 73 елден 18-39 жас аралығындағы 108 мыңнан астам интернет пайдаланушыны қамтыған ауқымды халықаралық зерттеу.
Біздің комитет үшін бұл зерттеудің маңызы ерекше. Өйткені ол мемлекеттік жастар және отбасы саясаты мәселелерін қатар қамтиды. Зерттеу нәтижелері жастардың отбасы, неке және ата-ана болу туралы не ойлайтынын, нені қалайтынын және олардың шешімдеріне қандай факторлардың әсер ететінін түсінуге мүмкіндік береді, – дейді Қайрат Қамбаров.
Оның айтуынша, отбасы қазақстандықтар үшін ең маңызды әлеуметтік институттардың бірі әрі негізгі өмірлік құндылық. Статистикаға сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 6 миллион 100 мыңнан астам отбасы бар. Соңғы 5 жылда елде жыл сайын орта есеппен 126 мыңға жуық неке тіркелген.
Сауалнамаға қатысқан қазақстандық әйелдердің 40%-ы мен ерлердің 38,9%-ы алдымен некеге тұрып, содан кейін бірге тұруды жөн көреді. Ал әйелдердің 31,4%-ы және ерлердің 34,1%-ы алдымен бірге тұрып, кейін некені ресми түрде қиюды құптайды. Осылайша, респонденттердің 70-73%-ы түптеп келгенде қарым-қатынастарын ресми некемен байланыстырады, – деді ол.
Бұл нәтижелер ұлттық зерттеулердің деректерімен де сәйкес келеді. Маманның сөзіне қарағанда, «Қазақстан жастары – 2025» Ұлттық баяндамасына сәйкес, сауалнамаға қатысқан жастардың 78,9%-ы неке ресми түрде тіркелуі тиіс деп есептейді.