Қазақстандық сериалдарды 50-ден астам мемлекет сатып алған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров мәлімдеді.
Айтуынша, 2021 жылы 166 телеарнаның ішінде үздік ондыққа 6 отандық арна кірген.
Олар «КТК», «Qazaqstan», «НТК», «Первый канал Евразия», «Хабар», «31 канал» арналары. Оның ішінде 3-мемлекеттік телеарна – «Qazaqstan», «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» кірді. ТОП-30 құрамына кіретін отандық телеарналардың үлесі 2021 жылы 2,9%-ға өсті. Соңғы 5 жылда мемлекеттің қолдауымен 3500-ден астам сериядан тұратын 250-ге жуық сериал түсірілді. Олардың 50-ден астамы Сингапур, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан сынды елдерге сатылды, - деді Асқар Омаров.
Сондай-ақ министр ақпарат құралдарының институционалдық қорғалу дәрежесіне тоқталды.
Қазақстан Республикасының БАҚ туралы Заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралының өнімін шығару, таратуды тоқтата тұру немесе тоқтату меншік иесінің немесе соттың шешімі бойынша жүзеге асады. Заңның бұл тармағы БАҚ-тың институционалдық қорғалуының айтарлықтай жоғары дәрежесін көрсетеді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін көрсетті, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін министр елімізде 5 мыңнан астам БАҚ тіркелгені туралы айтқан болатын.