Қазақстандық семсерлесушілер әлем чемпионатында тұңғыш рет алтын алды
Тарихи медаль! Семсерлесуден Қазақстан командасы - әлем чемпионы!
Гонконг қаласында өтіп жатқан семсерлесуден ересектер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан үшін тарихи нәтиже тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Санаулы сəт бұрын Қазақстан командасы (Руслан Құрбанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов) финалда Украина семсерлесу шеберлерімен күш сынасты. Бас жүлде үшін болған тартысты айқас 45-40 есебімен аяқталып, біздің төрттік Қазақстанға спорттың осы түрінен әлем чемпионатының алғашқы алтын жүлдесін сыйлады. Бұл - Қазақстан ерлер командасы үшін жалпы әлем чемпионатының алғашқы финалы. Осыған дейінгі үздік көрсеткіш - былтырғы қола медаль. Қазақстан бір жыл бұрын Грузия астанасында өткен додада әлемдік деңгейдегі көшбасшы Францияны ұтып, тарихи қола жүлдеге қол жеткізген, - деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан командасының бүгінгі жекпе-жектер нәтижесі
Жартылай финал: Қазақстан - Мысыр 41-32
Ширек финал: Қазақстан - Дания 45:36
1/8 айналым: Қазақстан - Өзбекстан 28:27
1/16 айналым: Қазақстан - Финляндия 45:39
Қазір семсерлесуден ерлер Ұлттық құрамасы әлем рейтингінде 5-орында тұр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандық семсерлесушілер Гонконгтағы әлем чемпионатында үздік 32 спортшының қатарына өткені хабарланды.