Қазақстандық музыканттар «Меццо» телеарнасының рейтингіне енді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана Операның» жаһандық музыкалық жобасы – Г.Малердің әйгілі № 8 симфониясын «Астана Операның» бас дирижері, атақты маэстро Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен 1200 әртістің орындауы еуропалық танымал «Меццо» телеарнасында көрермендердің зор қызығушылығын туғызды.
Еске сала кетейік, жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Астана Опера» театры классикалық музыкаға арналған «Меццо» телеарнасында 1200 музыканттың орындауында Г.Малердің № 8 симфониясы жазбасының көрсетілімін жүргізген болатын. Концерт Еуропаның және әлемнің 38 елінде көрсетіліп, шамамен 40 миллион адамнан тұратын көрермендер аудиториясы қазақстандық музыканттардың орындауындағы осынау ұлы шығармамен танысты.
Ең алдымен, мені осы жобаның ауқымы таңғалдырды, мұндай ғаламат концерт ұйымдастыру үлкен еңбекті талап еткені анық. Оркестрдің, хордың және солистердің ән шырқауы ең жоғары деңгейде орындалды. Атақты дирижер Алан Бөрібаевты бізде, яғни Еуропада ғана жақсы көрмейді, ол бүгінде барлық жерде сұранысқа ие. Бұл концертте маэстро қазақстандық әртістердің зор әлеуетін ашты және бізге Қазақстан одан сайын жақын бола түскені сөзсіз, – деп жазды Францияда тұратын желі қолданушысы Кристиан Эрскин.
Қазақстандық өнердің жоғары деңгейі мен елдің шығармашылық әлеуетіне телеарнаның басқа да сүйікті көрермендері баға берді.
Бұл Г.Малердің шығармашылығындағы ең жақсы көретін симфонияларымның бірі. Ол қазақстандықтардың орындауында ерекше шықты, бұл ретте әртістердің шеберлігі, шығарманы терең түсінуі маңызды рөл атқарды деп ойлаймын, кешті тамаша өткіздім. Осынау керемет концертті тамашалап үлгермеген барлық адамдарға бағдарламаны қарап, оның келесі көрсетілімін міндетті түрде жіберіп алмауға кеңес беремін, – деп атап өтті Флер де Гиз.
Айта кету керек, Г.Малердің № 8 симфониясы «Меццо» телеарнасында өткен жылдың желтоқсан айынан бастап көрсетіледі. Көрсетілімдердің кезекті топтамасын көрермендер 4 ақпан 7:45-те, 9 ақпан 14:40-та, 11 ақпан 12:30-да, 18 ақпан 10:45-те тамашалай алады (Қазақстан уақыты бойынша).
«Мемлекетіміздің оң имиджін қалыптастыру және оны әрі қарай дамыту, сондай-ақ шетелде Қазақстанның опера, балет және симфониялық өнерін танымал ету мақсатында «Астана Опера» жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деді театр әкімшілігінде.