Қазақстандағы жалғыз зертхана диоксиндерді қалай анықтап келеді?
Қоршаған ортадағы диоксиндерді және олардың адамға әсерін зерттейтін Қазақстандағы жалғыз зерттеу орталығының жұмысынан эксклюзивті фоторепортаж әзірледік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орталық өз тарихын 2004 жылдан бастап жеке кәсіпорын ретінде бастап, бүгінде ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» болып қызмет көрсетіп келеді.
Орталық басшысы Сәуле Шәріпова орталықтың басты мақсаты – адам денсаулығына әсер ететін гигиеналық факторлардың өзара байланысына кешенді санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу және бағалау екенін айтады.
Адам, жануарлар денсаулығының және экожүйелердің өзара байланысының "бірыңғай денсаулық" халықаралық тұжырымдамасына сәйкес, түрлі өзгерістер адам мен жануарлардың арасында жаңа аурулардың пайда болу қаупіне әкелуі мүмкін. Зертханалық бақылау нәтижелері халықтың денсаулығына қолайсыз факторлардың әсерін және санитарлық-эпидемиологиялық іс-шараларды өткізудің негізділігін бағалау кезінде себеп-салдарлық байланысты анықтауға көмектеседі. Орталық өз алдына уақытылы, сенімді нәтижелерді ұсынуды, кадрлық әлеуетті жетілдіруді, халықаралық зертханалармен өзара әрекеттесуді міндет етеді, - дейді ол.
Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы 5 қабатты ғимаратта орналасқан. Оның әр қабатында қоршаған орта объектілеріне, ауыз суға, тамақ өнімдеріне, халық тұтынатын тауарларға, полимер бұйымдарына зерттеулер жүргізіледі.
Орталық ең заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталып, бүгінде жаңа әдістер арқылы талдау нәтижелерінің дәл, анық, жылдам алынуына жұмыс жасап отыр.
Ғимараттың бірінші және екінші қабатында биологиялық тәуекелдерді ескере отырып, зертханалар орналасқан.
Олар: санитарлық-бактериологиялық, паразитологиялық және гендік-молекулалық зертханалары.
Үшінші және төртінші қабатта санитарлық-химиялық зерттеулер жүргізу зертханалары және диоксиндерді анықтау зертханасы орналасқан.
Біз назар аударатын зертхана да осы – диоксиндерді анықтау зертханасы.
Себебі бұл - Қазақстандағы сүт, ет өнімдеріне, дәнді-дақылдарға, су, топырақ, ауаға зерттеу жүргізетін жалғыз зертхана.
Диоксиндер жаһандық экотоксиканттарға жатады. Олар әлемнің барлық жерінде қоршаған ортада болады және қоректік тізбекте жиналады.
Диоксиндер өте улы және репродуктивті денсаулық саласында проблемалар тудыруы мүмкін, иммундық жүйенің зақымдануы "химиялық СПИД" деп аталатын жағдайға әкеліп соқтырады.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, диоксиндермен улану 20-ға жуық аурудың тууына себепкер болады екен. Осыдан-ақ оның адам өміріне тигізер кері әсерінің қандай екенін аңғаруға болады. Сондықтан елімізде диоксиндерді анықтай алатын зертхананың болуы жұқпалы, қауіпті аурулардың алдын алуға мол мүмкіндік берері сөзсіз.
Қазақстанда 2007 жылы "тұрақты органикалық ластағыштар туралы" Стокгольм конвенциясы ратификацияланды. Оның мақсаты - адам денсаулығы мен қоршаған ортаны ЖҚҚ-дан қорғау. Бірқатар тамақ өнімдеріндегі диоксиндерді анықтау техникалық регламенттердің міндетті талабы болып табылады. Диоксиндерге мониторингті енгізу, диоксиндердің қоршаған ортаға енуіне жол бермеу онкологиялық аурулардың өсуіне, репродуктивті денсаулық проблемаларына әсер ететін қауіпті факторлардың әсерін азайтуға, осы ауруларды емдеуге экономикалық шығындарды және денсаулық сақтау жүйесіне жүктемені азайтуға ықпал етеді, - дейді Сәуле Файзуллақызы.
Зертхана жұмысымен таныстырған "Диоксиндер мен ПХД анықтау" зертханасының меңгерушісі Манат Ахметов диоксиндердің адам өміріне қаупі туралы айтты.
Диоксиндер біздің ағзамызға тамақ, су немесе ауа арқылы енсе, зиянды болуы мүмкін. Олар біздің денсаулығымызға кері әсерін беріп, дамуда, жүйке жүйесінде ақаулардың тууына алып келеді. Тіпті, онкологиялық ауруларды тудыруы мүмкін. Зертханада қоршаған орта үлгілеріндегі диоксиндерді табу үшін арнайы жоғары дәлдіктегі құрылғыларды қолданамыз. Бұл бізге олардың қай жерде екенін және адамдар мен табиғатты қорғау үшін оларды қалай басқару керектігін білуге көмектеседі, - дейді ол.
Зертхана Thermo Fisher's GSM HR DFS - бұл тамақ, су, топырақ және ауадағы диоксиндердің ең төменгі концентрациясын анықтай алатын инновациялық, жоғары ажыратымдылықтағы масс-спектрометрия жүйесімен жабдықталған.
Зерттеу жүргізуге алынған сынамалар кептіріліп, одан соң арнайы таразы арқылы қажетті өлшем алынады.
Содан соң автоматтандырылған GSM HR DFS құрылғысына саламыз. Бұл жүйенің ерекшелігі сынама жоғары температура мен қысымды құру арқасында пайда болады. Ол үшін біз деректерді металл цилиндрге салып, жүйеге қоямыз.
Жүйе іске қосылған соң қыздыру, қысым жасау процестері жүріп, хлорометан/гександы қолдану арқылы органикалық ластаушы заттардың экстракциясы жүреді.
Одан соң олар жинаққа еніп, арнайы камоктарда тазалау жұмыстары жүргізіледі. Кейін булануға жіберіледі.
Аналитикалық залда тазалау жұмыстарын жүргізетін құрылғы орналасқан. Онда сынамаларға арнайы бағдарлама арқылы анализ жасап, нәтижелерін шығарамыз. Әдетте бағдарлама мұндай талдауларды жүргізуге 1 сағат уақыт жұмсайды екен.
Зерттеу барысымен етене таныстырған зертхана меңгерушісі елімізде аталмыш зертхананың болуы біздің тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау саласындағы көшбасшы екенімізді көрсететін айтады.
Ең алдымен зертхана әр адамның денсаулығы мен әл-ауқатын сақтаудың маңызды аспектісі болып табылатын пайдалы және қауіпсіз тамақтануға мүмкіндік береді. Зертханада диоксиндер сияқты қауіпті заттарды анықтау және бақылау арқылы халқымыздың өздерін қауіпсіз сезіне алуына жағдай жасауды мақсат етеміз, - дейді ол.
Санитарлық-эпидемиологиялық орталығы адам денсаулығына әсер ететін барлық қоршаған ортадағы заттар мен тамақ өнімдерін зерттеу арқылы қоғамда түрлі зиянды бактериялар мен жұқпалы ауруға әкеліп соғатын фактілердің алдын алуда өлшеусіз қызмет атқарып келеді. Орталық жұмысымен таныса отырып, біз мұндағы қызметкерлер еңбегінің қандай жауапты екенін ұқтық. Сондықтан мұндай орталық халқының денсаулығын алаңдатқан әр мемлекетке керек-ақ.