Кеше 2026, 11:48 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Санкция мәселесі: Қазақстандағы күмәнді компанияларды кім тексереді?

Санкциялар мен олардың экономикаға әсері тек бір ведомствоның құзырында емес. 

Қазақстанда санкциялық шектеулерге ілінген компанияларға қатысты мәселемен бірнеше мемлекеттік орган айналысады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында айтқан.

Санкция мәселесіне бірнеше министрлік жауап береді

Атап айтқанда, Сауда және интеграция министрлігі сыртқы сауда саясатын қалыптастырумен, халықаралық сауда-экономикалық қатынастарды реттеумен және экспортты дамыту мәселелерімен айналысады.

Министрлік мәліметінше, дәл осы ведомство халықаралық экономикалық интеграция және сыртқы сауда қызметін дамыту бойынша негізгі функцияларды атқарады.

Мемлекеттік кірістер комитеті тауарларды қадағалайды

Ал Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті кедендік және салық заңнамасының орындалуын бақылайды.

Сонымен қатар комитет Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кіргізілетін тауарларды қадағалау тетігін үйлестіреді.

СІМ Батыс елдерімен санкция мәселесін үйлестіреді

Ұлттық экономика министрлігінің редакцияға берген жауабында Сыртқы істер министрлігінің де рөлі көрсетілген.

Ведомствоның мәліметіне сәйкес, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі АҚШ, Еуроодақ және Ұлыбританиямен санкция мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайтын негізгі үйлестіруші орган саналады.

Еске салайық, сәуірде Еуропалық Одақ Кеңесі Мәскеуге қарсы санкциялардың жаңа пакетін жариялаған болатын. Бұл жолы Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешенімен (ӘӨК) байланысы бар деген күдікпен 58 компания санкцияға ілікті. Олардың арасында Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Қазақстан және Беларусьте орналасқан 16 ұйым бар. 

Еуропалық Одақ Кеңесі Ресейге көмектескен қазақстандық компания мен кәсіпкерге санкция салды. Ол компания жайлы не белгілі? BAQ.KZ тілшісі шолу жасаған болатын.