Қазақстандағы Моңғолия азаматтары Ресей арқылы еліне қайта алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгіннен бастап, яғни 15 шілдеден бастап Қазақстанда жүрген Моңғолия азаматтары Ресей шекаралары арқылы Моңғолияға бара алады.

Бұл туралы жергілікті БАҚ Ресей Федерациясының Премьер-министрі Михайл Мишустиннің бұйрығына сілтеме жасап хабарлады.

Бұл ақпаратты Моңғолияның Қазақстандағы елшілігі де растады.

Бұған дейін өзге елдерде жүрген Моңғолия азаматтары Ресей шекаралары арқылы еліне қайта алмай қалған болатын. Пандемия салдарына байланысты Ресей үкіметі үшінші мемлекеттен Ресей арқылы Моңғолияға келетін жолаушыларға шекаралық өткізу пунктерін жауып тастаған еді.

Бүгіннен бастап бұл шектеулер алынып тасталды. Сондықтан Қазақстанда жүрген Моңғолия азаматтары (қызыл паспорты бар – Е.Ж.) «Құлынды», «Шемонайха», «Ауыл», «Шарбақты» т.б. кедендік бекеттерден көлікпен өте алады. 

Жыл басынан бері шекаралық өткізу бекеттері жабылуына байланысты Қазақстаннан Моңғолияға қатынайтын сол елдің азаматтары Алматы-Ұланбатыр бағытындағы ұшақпен немесе Ресейдің кез келген қаласына ұшақпен барып, ары қарай көлікпен қатынасып келген болатын. Алайда бұл шектеу Қазақстан азаматтарына қолданылған жоқ. Сонымен қатар Моңғолиядан Қазақстанға келетін кез келген азаматқа да бұл талап қолданылмаған еді.

Естеріңізге сала кетейік, шекараның ашылатыны туралы бұған дейін де хабарлаған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы