10 Қыркүйек 2026, 15:47 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстандағы ең ірі энергия тұтынушы кәсіпорындар белгілі болды

Қазақстандағы энергияны ең көп тұтынатын кәсіпорындардың басым бөлігі металлургия, мұнай-газ және энергетика салаларында жұмыс істейді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, елімізде энергия ресурстарын көп пайдаланатын 109 ірі өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Соның ішінде ең ірі 10 кәсіпорын Қазақстандағы жалпы энергия тұтынудың шамамен 30 пайызын қамтамасыз етеді.

Бұл тізімге металлургия саласының кәсіпорындары, мұнай өңдеу зауыттары және энергетика нысандары кіреді. Мысалы, ERG тобына қарасты кәсіпорындар, «Қазхром», алюминий зауыттары, сондай-ақ мұнай өңдеу кәсіпорындары бар. Энергетика саласында Маңғыстаудағы МАЭК секілді ірі нысандар да энергияны көп тұтынушылар қатарына жатады, – деді Олжас Әлібеков.

Вице-төрағаның сөзінше, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың энергия тұтыну көлемі жылына 8 миллион шартты отын тоннасына дейін жетуі мүмкін.

Сондай-ақ ол энергияны тиімді пайдалану талаптарына сәйкес жылына 1 500 шартты отын тоннасынан астам энергия тұтынатын кәсіпорындар міндетті түрде энергетикалық аудиттен өтуі қажет екенін атап өтті.

Министрлік өкілінің мәліметінше, энергияны көп тұтынатын кәсіпорындардың негізгі бөлігі өндірістік секторға тиесілі. Әсіресе металлургия, мұнай өңдеу және электр энергиясын өндіру салалары энергия ресурстарын ең көп пайдаланатын бағыттар саналады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда энергия тиімділігіне қатысты заңнама күшейтіледі.