Қазақстандағы АЭС: Қытай салса, қанша болады?
Қытай еліне пресс-тур аясында көрші елдің ядролық энергетикадағы әлеуетімен танысып қана қоймай, Қазақстанға АЭС-ті Аспан асты елі салған жағдайда қалай болатынын Қытай ұлттық атом корпорациясы (CNNC) өкілдерінен сұрап білдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
АЭС салу: Қанша? Қашан?
CNNC-ге қарасты Қытай атом энергиясының инжиниринг (CNPE) компаниясында өткен кездесуде Қазақстан журналистері Қытай тарапынан Қазақстанға АЭС салуға қанша инвестиция керегін және құрылысқа қанша уақыт кететінін сұрады.
Олар АЭС салуға кететін қаражатты алдын ала, зерттеу жасалмас бұрын айту қиын екенін жеткізді. Бірақ ядролық реакторы бар бір энергоблок құрылысына шамамен 60 млрд юань, яғни 8,4 млрд АҚШ доллары жұмсалатынын айтты.
Ал мерзіміне келетін болсақ, бетон құйылғаннан бастап санағанда 1 энегоблоктың құрылысына 60 ай уақыт кетеді, яғни 5 жыл. Ал екінші энергоблокты салу 12 ай уақыт алады. Яғни Қазақстан АЭС-інде 2 энергоблок болса, оның құрылысы 6 жыл уақыт алады. Себебі екінші энергоблок біріншімен қатар салына бастайды.
АЭС-тің жұмыс істеу мерзімі – 60 жыл. Бірақ 60 жылдан соң қолдану мерзімі тағы ұзаруы мүмкін.
АЭС салу табиғатқа зиян ба?
Пресс-тур аясында Чжэцзян провинциясында орналасқан Қытай континентальді аймағындағы алғашқы Чиньшань АЭС-іне бардық. Оның құрылысы 1985 жылы басталып, 1991 жылы аяқталған.
Біздің мектеп бағдарламасында жергілікті ерекшеліктермен таныстыратын оқулық бар. Онда жергілікті экономика мен осы аймақтағы көрікті орындар туралы баяндалады. Мен туған өлкеде еліміздегі алғашқы АЭС бар екенін, ол ұлт мақтанышы деп аталатынын сол кітаптан білдім, – дейді АЭС қызметкері Бу Лихао.
Ол барлық туыстары, отбасы мүшелері оның стансада жұмыс істеуін қолдайтынын айтады.
АЭС-тің Экология және төтенше жағдайлар бөлімі басшысының орынбасары Гао Ян «Қытай халқында ядролық энергетикадан мүлде қорықыныш жоқ» дейді.
Дегенмен біз бөлім басшысынан АЭС-тің табиғатқа әсері туралы сұрадық. Ол АЭС құрылысына кіріспес бұрын тұрақты түрде жергілікті табиғи радиактивті фон мониторингі жүргізілетінін айтты.
Әрбір жердің өз табиғи фоны болады. АЭС-ті іске қосқан соң да тұрақты негізде фонды бақылап, өзгеріс бойынша мониторинг жүргіземіз. Су, топырақ, ауа сапасын салыстырып, анализ жасаймыз. Біз бірінші энергоблокты қосқалы 31 жыл өтті. Осы жылдарда жергілікті табиғи фонның өзгермегенін мақтанышпен айта аламыз, – деді ол.
Сонымен қатар, Гао Ян көптеген қызметкер, олардың қатарында станса басшылары болған адамдар да бар, Шанхай, Гуаңжоу сияқты ірі қалаларда баспанасы болғанына қарамастан, зейнетке шыққан соң уақытының көп бөлігін Чжэцзян провинциясында өткізетінін айтты.
Бұл – бізде экологияның жақсы екенінің тағы бір дәлелі, – деді АЭС-тің Экология және төтенше жағдайлар бөлімі басшысы.
Гао Ян АЭС-тің жергілікті ауылдармен серіктестігін де айтып өтті.
Біз жергілікті ауылдармен серіктестік орнатамыз. Мысалы ауыл фермерлері АЭС асханасына арнап әртүрлі көкөністер өсіреді. Бұл да біздің жергілікті экологияға сенетініміздің тағы бір көрсеткіші, – деді ол.
АЭС салу тиімді ме?
Бұл туралы Чиньшань АЭС-інің Экономика істері бойынша бас директоры Ванг Гангтан сұрадық.
АЭС салу үлкен шығынды қажет ететіні түсінікті. Бірақ екінші жағынан атом стансасына салынған инвестиция басқа салалардағы экономиканың өсуіне әкеледі. Мысалы стансаны салу үшін біз құрылғыларды, құрылыс материалдарын өндіреміз, адамдарды жұмыспен қамтимыз, – деді ол.
Ванг Ганг АЭС-пен бірге қала экономикасы да дамитынын атады.
Біздің стансаларға қызмет көрсету үшін мұнда шамамен 110 кәсіпорын ашылды. Олардың жылдық табысы – 31 млрд юань. Сондай-ақ ол кәсіпорындарда шамамен 20 мың адам жұмыс істейді, – деді ол.
Ал АЭС-тің Экономикалық жоспарлау бөлімінің басшысының орынбасары Джан Шаомин АЭС-тің өзін-өзі ақтау мерзіміне тоқталды.
Атом энергетикасының дамуы әрбір мемлекеттің экономикасының дамуы мен жаңа жұмыс орындарының пайда болуы үшін үлкен маңызға ие. Қытайда салынған АЭС әдетте өзін 10-15 жылда ақтайды, – деді ол.
Бұған дейін, Қытайдағы АЭС жұмысымен танысуға Қытай ұлттық атом корпорациясының (CNNC) Қытай атом энергиясының инжиниринг компаниясында (CNPE) өткен кездесу септігін тигізгені туралы жазған болатынбыз.