10 Қараша 2026, 11:19 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда жылыту маусымы қысқаруы мүмкін бе? Министр жауабы

Ерлан Ақкенженов ауа райы жылынса, жылу беруді реттеуге болатынын айтты.

Қазақстанда ауа райы жылынған жағдайда жылыту режимі қайта қаралуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистер Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтен климаттың өзгеруіне байланысты жылыту маусымының ұзақтығын қайта қарау мүмкіндігіне қатысты пікірін сұрады. 

Ведомство басшысының пайымынша, энергетиктер жылу беруді ауа райына қарай реттеп отырады. Жылу электр орталықтарының жұмысы, ең алдымен, сырттағы температураға байланысты ұйымдастырылады.

Біз кейде, былайша айтқанда, ауаны жылытып жататын жағдайлар болады. Пәтерлердің іші ыстық болғандықтан, тұрғындар терезелерді ашып қояды. Сөйтіп, біз бөлмелерді емес, атмосфераны жылытып жатқандай боламыз. Жылу электр орталықтарының жұмыс тәртібі ауа райы жағдайларына, ең алдымен, температураға қатаң байланысты. Егер күн жылынса, біз мұны жұмысымызда міндетті түрде ескереміз, – деді министр.

Ол мысал ретінде Астанадағы қазіргі ауа райын атады. Министр қараша айының ортасына жақындағанымен, елордада әзірге тұрақты қар жаумағанын еске салды.

Температура өзгерді. Қазір қарашаның ортасына таяп қалдық. Астанада қардың алғашқы ұлпаларын көрдік, бірақ қарашада әдетте болатын қар жамылғысы әзірге жоқ. Температура -5 градусқа дейін төмендеді. Ал осы кезеңде -10 немесе -15 градус болады деп күткен едік, – деді Ерлан Ақкенженов.

Министр климат пен жауын-шашын мөлшерінің өзгеріп жатқанын ауыл шаруашылығындағы жағдаймен де байланыстырды. Оның сөзінше, биыл астықты кептіруге өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда аз дизель отыны бөлінген.

Бұған егін жинау науқаны кезінде жауын-шашынның болмауы әсер еткен. Соның нәтижесінде диқандарға астықты бұрынғыдай көлемде кептіру қажет болмаған.

Энергетика министрі ауа райы жылынған жағдайда жылу беруді реттеу кезінде температуралық көрсеткіштер ескерілетінін атап өтті.

Еске салсақ, биыл өңірлердегі жылу желілерін жөндеуге 796 млрд теңге бөлінген.

Белгілі болғандай, Қазақстанда жылыту маусымында болатын өрттердің 55 пайыздан астамы тұрғын үй секторында, соның ішінде жеке үйлерде тіркеледі. Өрттің негізгі себептері – электр құралдары мен пештерді орнату және пайдалану талаптарын бұзу, сондай-ақ отты абайсыз қолдану. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлерін ерекше бақылауға алып отыр.

Тағы оқи отырыңыз: Жылуға қатысты шағымдар көбейді: Бектенов әкімдерге тапсырма берді

Энергетика министрі коммуналдық қызметке ай сайын қанша төлейтінін айтты