Қазақстанда жыл соңына дейін төрт автожол ашылады: Қай бағыттар жаңарады?
Үкімет төрт ірі жол жобасын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Ал жаңа магистраль іске қосылса, жүк жеткізу мерзімі үш күнге дейін қысқаруы мүмкін.
2026 жылдың соңына дейін Қазақстанда төрт автомобиль жолын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар жүк жеткізу уақытын үш күнге дейін қысқартуға тиіс Арал-Каспий магистралінің құрылысы жалғасып жатыр. Дегенмен билік өкілдері жол құрылысының сапасына қатысты бірқатар мәселе бар екенін мойындады.
Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру мәселелеріне арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2026 жылы елімізде 11 мың шақырымнан астам автомобиль жолы құрылыс, реконструкциялау және жөндеу жұмыстарымен қамтылған.
Жыл соңына дейін «Рахман қайнары», «Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы», «Қызылорда – Жезқазған» және «Ақтөбе – Ұлғайсын» автомобиль жолдары ашылады, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Үкімет болжамы бойынша, жыл соңына қарай республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы жағдайдағы үлесі 95 пайызға, ал жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 92 пайызға жетеді.
Жүк жеткізу уақыты үш күнге дейін қысқаруы мүмкін
Ірі көлік жобаларының бірі – Арал-Каспий магистралі. Оның құрылысы 2026 жылдың тамыз айында басталған. Жұмыстарды 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Үкіметтің есебінше, жаңа магистраль жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында Көкшетау – Петропавл автожолының учаскесін кеңейту жұмыстары басталмақ. Бұл жоба жүк ағынының артуына байланысты қолға алынған.
Бұдан бөлек, «Орталық – Батыс» бағыты, Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын жолдары және Сарыағаш қаласының айналма жолын салу жобалары бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
Жол сапасына кім жауап береді?
Нұрлыбек Нәлібаев жол құрылысының сапасына қатысты мәселелерге де жеке тоқталды.
Мемлекет басшысы автомобиль жолдарының сапасын бірнеше рет орынды сынға алды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Көлік министрлігі еліміздегі барлық автомобиль жолына жауапты орган болып белгіленді, – деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Жол салу және жөндеу тәсілдерін қайта қарау үшін Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен арнайы жұмыс тобы құрылған.
Біз озық халықаралық тәжірибені зерделеп, жол сапасын жақсарту бойынша нақты шешімдер әзірлейміз. Сондай-ақ кемшіліктерді жоюға бағытталған барлық қажетті шараларды, оның ішінде заңнамалық сипаттағы өзгерістерді қамтитын іс-қимыл жоспарын ұсынамыз, – деді ол.
Жұмыс тобы жол құрылысына қойылатын сапа талаптарын күшейту және жол жобаларына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуі тиіс.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан шекарасындағы 37 өткізу пункті жаңартылады: Жұмысты аяқтау мерзімі аталды