Қазақстанда жүк пен жолаушы тасымалы күрт артты: Қай өңірлер көш бастады?
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында жолаушылар саны да, жүк айналымы да өсті. Ең жоғары өсім қай өңірлерде тіркелгенін оқыңыз.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда барлық көлік түрімен 979,4 млн жолаушы тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5% артық. Осы кезеңде жолаушылар айналымы 5,1% өсіп, 45,3 млрд жолаушы-километрді құрады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жолаушылар тасымалының негізгі үлесі дәстүрлі түрде автомобиль көлігіне тиесілі болды. Автомобиль көлігімен 962,7 млн жолаушы тасымалданды. Алты ай ішінде теміржол көлігінің қызметін – 9,2 млн, әуе көлігін – 7,4 млн, теңіз көлігін – 14 мың жолаушы пайдаланған. Жолаушылар тасымалынан түскен кәсіпорындардың кірісі 0,8 млрд теңгені құрады.
Жолаушылар айналымының ең жоғары өсімі Қостанай облысында тіркелді – 62,7%. Сондай-ақ айтарлықтай өсім Алматы қаласында – 22,3%, Ақмола облысында – 20,6% және Шымкент қаласында – 19,2% байқалды. Алматы облысында жолаушылар айналымы 15,8%, Қарағанды облысында – 14,2%, Жетісу облысында – 13,6%, Батыс Қазақстан облысында – 10% өсті. Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында өсім 8,9%, Ақтөбе облысында – 4,6%, Абай облысында – 2,3% болды, - делінген ақпаратта.
Жүк тасымалында да оң үрдіс сақталды. Қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша жүк айналымы өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 2% артып, 255,8 млрд тонна-километрді құрады.
Жүк айналымының ең жоғары өсімі Жетісу облысында – 16,3% және Абай облысында – 12,2% тіркелді. Қызылорда облысында көрсеткіш 8,7%, Астана қаласында – 8,5%, Ақтөбе облысында – 6,9%, Түркістан облысында – 5,8%, Ақмола облысында – 4,9%, Ұлытау облысында – 4,6%, Шығыс Қазақстан облысында – 2,5% өсті. Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында өсім 1,9%-дан, Алматы қаласында – 0,4%, Қостанай облысында – 0,2% болды.
Тағы оқи отырыңыз: Экспорттың жаңа бағыты: Қазақстанға балама дәліздер не үшін қажет?